Бауыржан Момышұлы бұл хатты тиісті иелеріне ықыласпен табыс етерсіз деп Қазақстан КП (Б) Орталық комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Әбдіхалықовқа жолдаған.
Мен қазір адамның жан дүниесіне арналған үлкен агрегатты конструкция жасаумен, көлемді де іргелі көркем туынды жазумен (оны біз, әділін айтсақ, соғыстың аяғына дейін көре алмаспыз) қолдары тимей жүрген қазақ жазушылары мен журналистерінен осы хатым арқылы олардың ісіне араласып, көңілдерін алаңдатқаныма кешірім сұраймын.
Бірақ мен бүгінде Ұлы Отан соғысының солдаты қатарында жүріп, соғыстың сын сағаттары мен ауыртпалығын, қайғы-қасіреті мен тақсіретін, жауынгерлік ерлік пен жеңістің қуаныш сәттерін басынан өткізіп, жан-тәнімен, жүрегімен, бар болмысымен моральдық және адамгершілік жағынан рухани шөліркеген және оған төзімділік көрсетіп жүрген мыңнан астам адамның басшысы ретінде үлкен жауынгерлік коллективтің осы бір жан толғанысын көре, бастан кешіп сезіне отырып парызымды өтеу ретінде – мен осы хатты жазуға мәжбүр болдым. Маған түрткі болған: ар-ожданым мен намысым, парызым.
Жеке өзімнің көзқарасым тұрғысынан алғанда, жауынгерлердің әделетті талабын Сіздердің бәріңізге жеткізу үшін жазып отырмын. Жауынгер де сүйек-еттен жаралған. Ол да өмір, махаббат туралы ойланып, толғанады, сүйіктісінің іңкәр сезімі мен ерке назын, кішкентай қара домалағының былдырлаған бал даусын, бұйра шашты бүлдіршін қызын сағынады, өйткені ол – ер азамат, ол – әке!
...Сіздерге төмендегідей жалпы сұрақ қойғым келеді:
1. Сіздердің қайсыңыз әдебиет майданының қандaй бөлімі мен қандай қару түріне (поэзия, проза, драматургия және т.б.) жатасыз? Бұл не қылған бөлім мен қару түрі және сіз солдат ретінде соғыс және еңбек майданында не істеп жатырсыз?
2. Сіздердің қайсыңыз жауынгердің жанын жадыратар, оған поэзияның кеудені жарар хош иісін жұтқандай күйге бөлейтін, қолда өсіретін раушан мен гүл дестені айтпағанның өзінде, солдатқа ең болмағанда бәйшешек пен тау қызғалдағын сыйладыңыз?
3. Сіздердің қайсыңыз солдаттың жан дүниесі мен жеңіске жетуге оқ, найза және басқа да қару-жарақ сияқты соншалықты қажет ішек-сілені қатыратын, қыран-топан күлкіні айтпағанның өзінде, жауынгердің сұсты жүзін жадыратып, еріксіз езу тартқызатын әзіл-сықақ, әңгіме жаздыңыз?
4. Сіздердің қайсыңыз жауынгердің жан дүниесін ыза-кектің от-жалынымен өртейтін, солдатты аяусыз кекке кекпен, жанға жанмен, қанға қанмен кек алуға үндейтін халықтың мұң мен шерін, қайғы-қасіретін, жауға деген ыза қаһарын, өшпенділігін, соғыс тақсіретін толық көрсететін очерктер (немесе сіздерде әдебиетте не деп айтатын еді) жаздыңыз?
5. Сіздердің қайсыңыз жауынгерді адамзаттың барлық адамгершілік қасиеті, мақтанышы мен абыройы туралы ойландырып толғандыратын, ұят, опасыздық пен масқара болу сезімінен өз бойын аулақ ұстап, қорқыныш сезімін жеңуге ықпал ететін әдемі, қысқа, қарапайым, ұғыныңқы, көркемдік қуаты күшті, солдаттарға түсінікті тілде өмір, бақыт, махаббат, семья, ар-ождан мен абырой, даңқ, айбындылық, ерлік туралы шығарма жаздыңыз?
6. Сіздерге солдат ұрысқа өлуге барады деп кім айтты? Жалған! Солдат ұрысқа өлу үшін бармайды. Ол да сіз сияқты өмірді сүйеді, сол үшін де ұрысқа барады.
7. Сіздерге қорқыныш жоқ деп кім айтты? Қорқыныш бар және әрбір тіршілік иесіне тән нәрсе, барлық кезде де кездеседі. Қорқыныш сезімін парыз бен адамгершілік борышты терең сезіну арқылы жеңеді. Адам сезіміндегі осы ақиқат фактіні жасыруға, оны шынайы да айқын етіп, қорқақ пен байбаламшылды, жүрексіз бен қарақан басын ойлаушылықты масқаралап сипаттамауға кім құқық берді?
8. Сіздерге «ерлік – табиғат сыйы» деп кім айтты? Жоқ. Ерлік табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Оған алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.
9. Сіздерге солдат жасаған ерлікті, қаһармандықты тиісінше бағаламай, нағыз шынайы фактіні, әсерлі тарихи шындықты, бір өзі билік жүргізуші офицер мен бұйрықты тапжылтпай орындайтын солдатты толық бейнелеп көрсетудің орнына жазушының қиялына беріліп, кемітіп не әсірелеп қағазды көркем шимай-шатпақпен бүлдіруге кім құқық берді?
10. Сіздерге орыс жазушыларының кейбір жақсы шығармаларын түпнұсқасының мән-мазмұнын дәл орыс тіліндегідей қуатпен қазақ тіліне еркін, жеңіл, түсінікті етіп жеткізуді автордан талап етудің орнына, қазақшаға жолма жол, сөзбе сөз (ешкімге түсініксіз орыс сөзін қазақша айту) аударуға кім құқық берді?
11. Соғыс аяқталғанға дейін күтіп отыру позициясын ұстануға, қол қусырып, жазбай, әзірше кездейсоқ материалдарды жинап, әдебиет тосқауылында отыруға сіздерге кім құқық берді?
12. Кейбір әдебиет ефрейторларына әдебиет майданының полкы мен дивизиясына басшылық етуге жол берген кім?
13. Абай қарияны, оның лирикасы мен данышпандық, даналық ойларын үйде тұтқындап, шығармаларын шағын кітапша етіп бастырып майданға жіберуге кім рұқсат бермеген?
14. Майданға халық даналығы, ертек, әзіл-сықақ, күшті әрі түсінікті, Суворовтың қанатты сөздеріндей жауынгерлік халық мәтелдерін жеке кітапша етіп басып жіберуге тыйым салған кім?
15. Дана Жамбылды күнделікті болып жатқан оқиғалардың барысымен үнемі әрі толық хабардар етіп отырмауға, оған сауатсыз, білімсіз, орысша газеттің өзін буындап оқитын хатшы бекітіп, сөйтіп ақсақалды Ұлы Отан соғысының қызу күндерінде оқшау қалдырып, бұл даналықтың қуатты агрегатына «іркіліс» жасауға кім құқық берді?
16. Сіздерге жүздеген мың жауынгерлерді (орысша түсінбейтін немесе нашар түсінетін) – қазақтарды өз ана тілінде шығатын газет пен әдебиетсіз, ескерусіз (мүлдем) қалдыруға кім құқық берді?
Мен солдат ретінде осы сұрақтың бәріне жауап талап етемін.
Сіздерге деген үлкен құрметпен
гвардия подполковнигі
Бауыржан Момышұлы