Атақты қаһарман, қайталанбас тұлға Бауыржан Момышұлының қан майдан туралы естеліктерін Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз" романынан алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– 1941 жылдың октябрінде фашистер өзінің барлық адам күшінің - 42, танктерінің - 75, артиллериясының - 45, самолеттерінің - 31 процентін Москваны алуға жұмсады. Москваға келер жолды бекітіп біздің үш майданымыз: Батыс майданы (командашысы генерал-полковник И.С.Конев), Резерв майданы (командашысы Совет Одағының Маршалы С.М.Буденный) және Брянск майданы (командашысы генерал-лейтенант А.И.Еременко) тұрды. Батыс майданына қарайтын Волоколамск бағытына 16-шы армия (командашысы генерал-лейтенант К.К.Рокоссовский, соғыс советінің мүшесі А.А.Лобачев, штаб бастығы М.С.Малинин) жіберілді. Кейіннен 8-ші гвардиялық дивизия атағын алған біздің 316-шы атқыштар дивизиясы осы армияның құрамына кіріп, Волоколамск қаласы мен Москваға кіретін күре тамыр - Волоколамск тас жолын қорғады.
14-16 октябрьде дивизия шақырылмаған қонақтармен алғаш рет «танысып», содан кейін оларды сыйлауға кірісті. Бірақ көп қонақты «күту» оңайға түскен жоқ. Біздің дивизия дұшпанның үш дивизиясына – бір танк дивизиясы мен екі жаяу әскер дивизиясына қызмет етті. Қару-жарақ, адам күші жағынан олар басым болғанымен, біздің оларды уақыттан ұтуымыз қажет еді. Осы уақытты ұту мақсатымен біз кейін қарай жылжи, сырғи отырып, жиырма сегіз күн соғыстық. Сол жиырма сегіз күнде біздің дивизия жиырма бес километр ғана кейін шегініпті. Сөйтіп немістердің Москваға жасалған 7-31 октябрь арасындағы бірінші үлкен шабуылы күйретілді. Біз бұған, майданда жүрген барлық солдаттар мен командирлер қатынымыз ұл тапқандай қуандық, қарағым.
Сөз арасында айта кетейін, Москва түбіндегі осы жанталас сәттер тұсында, жау қоршауын қайта-қайта жарып шығып дивизияға келіп қосылып жүрген күндердің бірінде үйден, Алматыдан хат алдым. Әйелім Жамал екінші баламызға екіқабат қалып еді, айы-күні жақын болатын. Үшінші октябрьде босанып, ұл тауыпты. Атын Бақытжан қойыпты. Ұл тапсаң солай қойғын дегенмін.
Бір айлық Бақытжанға мен дереу хат жаздым: «Сен біздің жеңісіміздің басы боп тудың, біз жанталасқан жауды Москваға жібермедік. Сені Жеңісхан деп атауға болар еді. Бірақ атыңды мамаң қойып қойыпты. Бақытжан бола бер. Енді мен әрбір ұрыста саған сыйынатын боламын, Жеңісханым. Шолпан мен шешеңе мың сәлем!» дедім. Ол кезде Шолпаным үш жасар еді, кейінірек қайтыс боп кетті байғұс бала. Бұл оқиғалар да жоғарыда аталған кітапта айтылған жоқ.
Содан кейін немістер ес жиып, ноябрьдің бірінші жартысында екінші «үлкен» шабуылға әзірленді.
Атап айтқанда, 1941 жылы 13 ноябрьде Гитлер Орша қаласында «Оңтүстік», «Орталық», «Солтүстік» армиялар топтары мен 6 жаяу әскер, 1 танк армиясы штабтары бастықтарының мәжілісін өткізді. Онда Фюрер өз әскерінің әлі күнге дейін Москваны ала алмағанына күйініп, кіжіне сөз сөйледі. Сөзінің соңында ол: «Москваның қазіргі тұрған орны шалқар теңіздің түбі болады. Оның тулаған толқындарының үні, міне, менің құлағыма келіп тұр. Осылайша орыс астанасы мәдениетті дүниенің көзінен мүлде жоғалады. Оған Тодтың өзі-ақ жәрдемдеседі... Бірақ алдымен бұл қаланы талқандау керек. Бұл істі сіздер істейсіздер. Орыс әскерінен, астана халқынан ешбір жанға сауға берілмесін. Бәрі тегіс су түбінде шіруге тиіс», - деп бұйырды.
Сөйтіп, соғыстың бір жүз қырық жетінші күні, яғни 15 ноябрьде, жау Москваға екінші рет ең зор шабуылын бастады. Жаудың 51 дивизиясы қара құрттай қаптап, Москваға лап қойды. Оның он үші танк дивизиясы да, жетеуі моторлы дивизия еді. Табандарынан қар борап, стволдарынан оқ пен снаряд бұршақтай жауған бұл темір дивизиялар соңынан найзаларын алға қарай кезеген отыз бір жаяу әскер дивизиясы және өңмеңдей ұмтылды.
Гитлер 1940 жылдың көктемінде барша Францияны жаулап алуға он-он бір танк дивизиясын аттандырғанда техниканың адам айтқысыз көп шоғырландырылуынан шошып, бүкіл дүние жүзі ішін тартқан еді. Енді ол жалғыз Москваға қарсы мұншама тажал жөнелткенін естігенде ақыл-есті адамзаттың жаны түршікті.
Алғашында біздің танк, артиллериямыз аз болды. Ноябрьде ғана ПТР шықты. 16-шы армияға жіберілген қырық ПТР-дің отызы біздің дивизияға берілді. Одан кейінгі негізгі қару гранат пен «КС» бутылкалары болды. 16-17 ноябрьде басталып, декабрьдің басында тоқталған екінші шабуылды осымен тойтарды ғой солдаттар.
Баукең әңгімесінің осы жерінде үзіліс жасап, темекі тартуға кірісті.
Сурет: azattyq.org, altaynews.kz
Р. Роза