Қазақ радиосы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі негізінде жаңа жоба жасады, - деп хабарлайды Массагет тілшісі «Қазақстан» РТРК АҚ ақпараттық қызметіне сілтеме жасап. Жоба 12 қаңтардан бастап жұмыс күндері таңертеңгі сағат 9:35-те (қайталауы кешкі 18:35) Қазақ радиосы әуе толқыны арқылы тыңдарманға жол тартады.
Бауыржан Момышұлы басынан кешкен оқиғалары мен түйген пайымдарын күнделікке жазғаны бәрімізге мәлім. Сол арқылы өзгелердің ар-намысына қозғау салып, жақсылыққа жуық болу секілді маңызды қасиеттерді бойға сіңіруге күш салды. Бұл міндетті мүлтіксіз орындады да.
«Ұшқан ұя» кітабының аудионұсқасын тыңдаған жан батырдың туған жерінде сол жылдары болған оқиғалармен, көшпенділер заманындағы қазақ этнографиясының элементтерімен таныса алады. Бір қызығы, Бауыржан Момышұлы бұл кітапты жазуға 1955 жылы наурызда көрген түсі түрткі болған.
«Ұшқан ұя» шығармасында Бауыржан Момышұлы әкесі мен әжесінің айтқан ақылы мен өсиеттері арқылы отбасы тәрбиесінің маңыздылығын сөз етеді. Автор салт-дәстүрлерді отбасы мүшелерінің бейнесі арқылы қызықты етіп баяндайды.
Әскери шығармалар мен мемуарлар жанрына жататын «Ұшқан ұя» повестер мен әңгімелер жинағы 1976 жылы Қазақ Социалистік Кеңес Өкіметінің мемлекеттік жүлдесін иеленді. Кітап халықты үлкенді құрметтеуге, Отанға деген махаббат сезімін күшейтуге, ұлттық дәстүрлерді ұстануға баулиды.
Бұл жоба отбасы құндылықтарын бәрінен биік қоятын тыңдармандар арасында жоғары бағаланып, қажетіне жарары сөзсіз.