Гвардия артистері
Міне, менің ансамбльге келгеніме де бір жарым ай болыпты, осы уақыттың ішінде біз полктан полкке, батальоннан батальонға тез ауысып келеміз, тіпті айналадағы адамдарға абайлап қарауға мұршаң жоқ. Мен үшін панфиловшылар да сол баяғы жалпы көрермен көпшілік. Рас, мұндай тыңдаушыларды мен бұрын-соңды көргенім жоқ: бір сағат бойы жаңбырдың астында тапжылмастан отырып концертті көруге бар. Қолдарын қалай соғады десеңші! Көрушілердің көп адам қатысатын биді басынан аяғына дейін қайталауды қиыла сұрағанын мен бұрын-соңды қатысып жүрген концерттерде кездестіргенім жоқ... Ал олар қалай тыңдайды десеңші!
Әрине, жігіттер реті келгенде маған даңқы жер жарған батырларды көрсететін.
Бірде концерттің алдында мен алыстан Чапаевқа өте ұқсайтын салт аттыны көрдім: басында папахасы мен үстінде киген тоны бар.
– Бұл кім?
– Сен білмейтін бе едің? Бұл Бауыржан Момышұлы ғой. Атының өзі-ақ бүкіл жайды әйгілеп тұрғандай, олар маған басқа дәнеңе де айтпады. Шынында да оның есімі өзімен бірге соғысқан адамдардың бәріне көп нәрсені аңғартатынына дейін менің көзім жетті. Момышұлы генерал Панфиловтың жеке резервіндегі батальонның командирі болды және Москва түбіндегі ұрыстарда ең қиын міндеттерді атқарды. Батальон дұшпанға есеулі зиян келтіре отырып, бес рет қоршауды бұзып шықты.
Армия қолбасшысының бұйрығы бойынша, сол Москва түбінде аға лейтенант Момышұлы полк командирі болды. Ол бұл жоғары сенімді де абыроймен ақтады...
Майор Момышұлы таяу келді. Мен сонда оның үстіндегі тон емес, қаусырма-плащ екенін көріп таң қалдым, ал басына кигені папаха емес, кәдімгі командирдің фуражкасы. Міне, киімді дұрыс кие білетін адам деп осыны айт!
Момышұлы атынан түсіп, біздің қасымыздан өтті, мен оның қарапайымдылығына таң қалдым. Иә, түсі суық, айбарлы. Үлкен қара көздері төңірегіндегілерге зер сала қарайды. Бірақ оның жалпы көпшіліктен айырмасы жоқ. Қайта, керісінше, жұртпен тез араласып, сіңісіп кетті. Жұрт та сондай болатын...
***
... Бір жарым сағаттан кейін біздің концертіміз басталды.
Біздің төбеміз көкке жетті, қазір керек десе, тау қопаруға да даярмыз. Оның үстіне, бізге белгілі болғандай, бұл мерекеге Момышұлы жөнінде кітап жазып жүрген Москва жазушысы Александр Бек қатысып отырған көрінеді... Мүмкін, ол біз туралы да жазар...
Біз алғаш рет өзіміздің ең таңдаулы әндеріміз бен билерімізді жақын арада болып өткен ұрыстарда ерлігімен көзге түскен жеке бір адамға арнадық. Бұлай болады деп кім ойлаған: қылыш ұстап шығатын биді біз 1073-полктің командирі Момышұлына арнадық. Сахнаның едені жас бөренелерден төселген, беті тегіс емес, әрі тайғанақ, канифольдің де көмегі тиер емес. Өзімнің жеке нөмірімді орындау кезінде мен сақтықты есімнен шығарып, тым биге беріліп кеткенім соншалық, жауырынмен жерге жалп етіпқұлап түстім.
Әлбетте, мен орнымнан бірден ұшып тұра келіп, дәнеңе де болмағандай биімді жалғастыра бердім. Бірақ сеземін, жағдайым өте нашар. Кейін байырға сахнаға ауысқан кезде де менің басымда осындай бірнеше оқиға болды (мәнерлеп сырғанақ тебушілер сияқты бишілер онша жиі құламайды). Алайда мен тап сол жолғыдай ұялып, қысылмаған шығармын. Момышұлының атын естігенде-ақ мен ерекше бір сезімге бөленіп, Москваны қорғаудың және аты аңызға айналған Старая Русса – Холм жорығының даңқты батыры алдында басымды иетінмін. Міне, енді мен масқара болып құлап қалдым!.. «Ол кенет жоққа сенгіш болса ше?» (Соғыста жұрттың көбі жоққа сенгіш болып кетеді). Ол кенет менің өзіне арналған биден құлап қалғанымды «пайғамбарлық» деп есептеп, бұған өзін-өзі сендіретін болса қайттім?»
Осы бір шамалы ғана оқиғаға мен соншалықты қатты қапаландым. Бауыржан Момышұлы оған көңіл де бөлмеген шығар. Ол жазушы болды. Оның «Генерал Панфилов» атты кітабы сөреде менің ең жақсы көретін кітаптырымның арасында тұр.
Ненахов Иван