Даңқты Бауыржан Момышұлы әскери қолбасшы, мықты стратег, жазушы ғана емес ою ойған шебер, суретші де болған. Оның 70-ке жуық оюы, бірнеше суреті сақталған. Бәукең бір сөзінде: "Арнайы соңына түскен жоқпын, бірақ қазір елге ұялмай көрсетуге болатындай жиырмадан аса қолтумам бар" деп айтқан екен. Назарыңызға атақты сардардың салған суреттерін ұсынамыз.
Бауыржан Момышұлы туралы "Атақ пен шатақ", "Ұмытылмас кездесулер", "Мен – халқымның Бауыржанымын" аталатын үш том еңбек жазған Мамытбек Қалдыбай: "Бір айта кететін жәйт, батыр кітаптарына енген бірқатар соғыс әңгімелерінің иллюстрациясын өзі салған. Мысалы Бауыржан Момышұлының атақты "Автопортретін" оның өзінен артық ешкім сала алмайтындай көрінеді", - дейді.
Баукеңнің әкесі Момыш та ұста, зергер адам екен. Ол алтын мен күмістен сақина, білезік соққан. Қамшы өріп, ер шапқан. Ұжымдастыру кезінде ауылда шамы болмай қалған жерлестеріне қолдан шырағдан жасап беріп жүрген. Жалпы Бауыржан Момышұлының осындай өнерлі болуы оның әкесінен дарыған қасиет болса керек.
Бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбай: "Бауыржан ағаның көзі – нағыз суреткердің көзі еді. Әсемдікті ұнататын. Маңайындағы адамдардың кім екенін сырт тұлғасы мен сөйлеу мәнерінен-ақ бірден жазбай танитын", - дейді Бауыржан Момышұлының суреткерлігі туралы.
Бауыржан Момышұлы сонымен қатар өте тапқыр адам болған. Оның соғыста стратег болуының, қармағындағы жауынгерлері сыйлайтын мықты қолбасшы болуының бір сыры осында жатыр. Мысалы ол Қиыр Шығыста жүріп ат ойыны кезінде өзінің қайталанбас ат өнерімен тағы да командирлер мен жауынгерлерге таңдай қаққызады. Оның тапқырлығы мен алғырлығы сол кезде-ақ ел аузында жүрген. Қиыр Шығыстың қарағай қақ айрылып сынатын суығында басқа командирлер бүрсеңдеп ат ығында жүрсе, Бауыржан Момышұлы қармағындағы жауынгерлерге үлгі болып, ат үстінде қол бастап жүреді. Мұның сырын сұраған басқа командирлерге киім ішінен целлофан киіп алғанын, бұл Қиыр Шығыстың өңменінен өтіп кететін суық желінен қорғанудың бірден-бір жолы екенін айтады. Ешкімнің ойына келмеген мұндай тапқырлық тек Бауыржан Момышұлының ғана ойына келген.