Бауыржан Момышұлы: Ойды өлеңмен айтқанда (жалғасы)

Бауыржан Момышұлы: Ойды өлеңмен айтқанда (жалғасы)
Фото: massaget.kz

Достыма

(Ойды өлеңмен айтқанда)

БАСЫ

IX

Ақындықтан не пайда –

Аузын жаппай бәдікте,

Үн шығармай кәдікте,

Жырлайтын кезі келгенде,

Ел-жұрты кезек бергенде,

Түсінбестен жағдайға,

Жай әуенге төңкеріліп,

Құр ұйқасқа құл болып,

Ақындық жөні осы деп,

Ай далаға ыңыранып,

Бақсыдай бекер боздаса,

Өлеңіне шіркіннің

Делебеміз қозбаса?!

 

X

Жазушыдан не пайда –

Елді аузына қаратқан,

Жайшылықта жазғыш боп,

Томдарын елне таратқан.

Далада дауыл соққанда,

Қар емес, қанды боратқан,

Шекке атой салынып,

Бөрік киген аттанып,

Қауіпке қарсы кеткенде,

Қалдырмай қару-жарақтан,

Үй күшік болып отырып,

Қалып бір қойса сынақтан.

Қарасын көрмей өткелдің,

Соңынан қалмай өткеннің,

Тірсектей қуып термені,

Айлап қуып айтысты,

Жылдап қуып дастанды,

Өкшелей қуып өлеңді,

Етемін деп көлемді,

Үйде басын қатырып,

Майданнан қашық отырып,

Оқиғаны білместен,

Опатты көзбен көрместен,

Осылай шығар деп болжап,

Астыменен пал ашып,

Екі очерк жаза сап,

Көрмегенді көрдім деп,

Білмегенді білдім деп,

Қағаз бетін шимайлап,

Шабақ аңдып тынықтан,

Жамау жамап сынықтан,

Сырық жасап шыбықтан,

Күн жаумастан су болып,

Отқа қолын жылытқан,

Шын соғыстан адасқан,

Жазушыдан не пайда?!

Жағаласқан жауменен,

Ел қорғаны ер жүрек

Ер салдарын ұмытқан

Қаламшыдан не пайда?!

 

XI
Ағайыннан не пайда –

Адал еткен еңбекті

Бағалап мақтан етпесе,

Жат алдында көтеріп,

«Жақының» мынау демесе,

Жағаласып жауменен

Белуардан қан кешсең,

«Батырым менің» демесе?!

Қиыншылық жағдайда

Бауырмалдық мейірмен

Жаныма қуат бермесе?!

Обыр-зобыр қиянат

Етсе ақымақ жат елден,

Әділдік мият етпесе?!

Бір анадан туған соң,

Бір елдің ұлы болған соң,

Қол ұстасып майданда,

Қанша ардақты болса да,

Бірге тұтып тартыста,

Табанды болып айтыста,

Жаманшылық – жақсылық,

Бірге тұрып көрмесе?!

Іш қазандай қайнайды,

Ашу көріп тұтығып,

Жағымсынған жат елге

Пенде болса тұтылып,

Тізе бүккен жағымпаз

Аулақ елден, жерден де!

Тітіркенді бұл денең

Сондайларды көргенде!

 

XII

Қалыңдықтан не пайда –

Қылымсып жылы күлгенмен,

Құшақтап құшып сүйгенмен,

Ыңырсып қылық еткенмен,

Қырандай көзі шолмаса?!

Жақсылыққа сүйінбей,

Жамандыққа күйінбей,

Тысқарыға сыр беріп,

Жар кәдесін қорласа?!

Жау жағадан алғанда,

Қорқынышты мол көрмей,

Ер қатарлы жол көрмей,

Елдің көркін келтіріп,

Үй қожасы ел келіп

Ерге әдет болмаса?!

Дене пейлін ақ ұстап,

Ақ жүрегін таза ұстап,

Махаббат нәзік намысын

Майдандағы жары үшін,

Адамгершілік ары үшін,

Сақтамаса несі жар!

Көрінгенге ыржаңдап,

Көз салғанға бұлаңдап,

Бар жайлауды шарласа!

Қаншық емей немене

Қыңсылауы қалмаса,

Қатерде жүрген батырын

Қиянат жазып алдаса!

@. @assel_assanova