Бауыржан Момышұлы: Ойды өлеңмен айтқанда

Достыма

(Ойды өлеңмен айтқанда)

I

Ақын емес Бауыржан

Қалам алып қолына

Жазды көп сөз қиналып.

Өлең демен жыр болар,

Жыр боламас сыр болар,

Жетсе елге сыналып.

Қарасам, оқып парақтап

Көбірегі сөзімнің

Қисынсыздау көрінед.

Көшіруге түзетіп

Уақыт оған бөлінед.

Отырмын сізден ұялып.

                      

Оқып көріп салмақтап,

Сөз сапасын сынаңыз,

Аяусыз қырып қайшымен

Артық жерін қынаңыз.

Кескен қиық тасталмай

Бірнешесі жиналып,

Кемдікке құрақ бола алса,

Оған да тәубе қыламыз.

 

Ақын емен арынды,

Лаулатар сөзден жалынды,

Қимылдар қалам қиналып.

Өрнегі жетсе жыр болар,

Жыр боламас сыр болар,

Жұрт тыңдарлық жиналып.

Таппасам түзу оюын,

Жақпасам бояу қоюын,

Айып етпе, би халық.

Өруге талдап уақыт тар,

Көзім тайса сұм ажал,

Шабуға тұр ұрланып.

 

Жыр халықтың жүрегі,

Салмақтап сөзін сынаңыз,

Келіспес жерін кестелеп

Кемдігін тағы сұраңыз.

Кірленбесін мен үшін

Өлеңнің асыл қазынасы,

Атадан қалған мұрамыз.

Көп сөзімнен бір сөзім

Жүрегіңе қона алса,

Кімдікке құрақ бола алса,

Оған да тәубе қыламыз.

 

II

Батырсынған жігітті,

Шеберсінген шешенді,

Қамқорсынған көсемді,

Білгірсінген билерді,

Сөз бермес елге ақынды,

«Күлік» атанған атымды,

Адал жар деген қатынды,

Әкелеп сүйген баланы,

Достым деп сүйген жолдасты,

Замандас құрбы-құрдасты,

Бауырымшыл жаны ашыр

Ағайын мен туғанды

Сынай-тұғын күн туды,

Сөйлемей неге тұрайын?!

Жәрдем етсе құдайым,

Өлеңге олақ болсам да,

Құр ұйқасқа құл болмай,

Көргенімді, ойымды

Айтпастан қалай шыдайын?!

 

III

Ер жігіттен не пайда,

Ел күйзеліп, жер күйіп,

Отанға дұшпан тигенде,

Айғыр мініп ат ерттеп,

Жауға қарсы бармаса,

Қолына найза алмаса?!

 

IV

Адал ұлдан не пайда –

Ел намысын қорғауға

Ер намысын қолға алып,

Қару-жарақ тағынып,

Тәуекелге бел байлап,

Атаның жолын қумаса?!

 

V

Жүйрік аттан не пайда –

Таңдап мінген саяқтан

Сылап, сипап баққанда,

Суытып жабдық таққанда,

Белдерден аса шапқанда,

Қуғанда жауды сүрінсе?!

 

VI

Кемеңгерден не пайда –

От басында сөз бермей,

Топ алдында сынақта

Тұтығып, тілі күрмеліп,

Ақылынан адасып,

Жұмған аузын ашпаса?!

 

VII

Шешендіктен не пайда –

Құлақ құрышын қандырып,

Жан жүйемді жандырып,

Көңіліме орынды,

Жүрегіме қонымды,

Тиімді сөз айтпаса?!

 

VIII
Шеберліктен не пайда –

Топ алдына барарда,

Әр сынға енді саларда,

Ерлеріне еңіреген

Елім үшін «мен» деген

Әшекей шекпен тікпесе,

Ер-тұрманын түзетіп,

Жалындай жарқ-жұрқ етпесе,

Сағымдап жылтыр етпесе?!

Жалғасы бар...