Бүгін халқының ұлы (Халықұлы) Бауыржанды халқы ақырғы сапарға шығарып салды. Өзінің сүйікті тентек ұлын шығарып салды...
Бауыржанға жазылған некролог өте сараң және өте құрғақ, оның үстіне барынша сезімсіз жазылған некролог боулы да, соған екі күннен бері қатты күйініп пікірлесер жан таппай, жарылып кетердей боп жүрген едім. Қоштасар орынға барғанда Сейтбекті (Нұрқанов Сейтбек – Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері) көре сап, соны айттым. Ол әлі оқымаған екен.
Осының әсері ме, қабір басында сөйлейтін сөзден газеттегі некрологқа қарсылықтай, наразылықтай бір үн естілердей сезімде болдым. Ойдың, сезімнің, адал жүректің, риясыз тілдің иелері, егер әділдік тілі кесіліп қалмаса бір нәрсе айтар-ақ деген ой көңілімде болды.
Әбділда Тәжібаев, қайран ақын ағам, кіріспе сөз айтты. Баукеңе біткен адалдық, әділдік, туралық, шыншылдық, батырлық, бұқпантайсыз ерлік, асқақ қарсылық ерлік ақыл-парасат, тағы не десеңіз, жақсы қасиеттердің бәрі айтылды. Қысқа сөзге ақын тілі айтпағын сыйғызып айтты.
Жазушылар Одағы атынан Тахауи Ахтанов сөйледі. Ол сөйлеп бола бергенде, ойыма Плехановтың «Некрасов» деген мақаласы түсті. Онда Некрасов Пушкиннен төмен болған жоқ дегенін, мұның өзі бізге әділетсіздіктей көрініп, «Ол Пушкиннен жоғары тұрды»,– деп айқайлағанын жазды. Осы есіме түсті. Баукеңе некролог Достаевскийдің сөзі сияқты көрінді де, Тахауи сөзі осы некролог сөзінің Баукеңе берген бағасына наразылықтай сезілді.
«Стандартты мына дүниеге өзінің стандартсыздығымен сәйкеспеген» өте қиын адамның трагедиясын өте дәл айтып берді. Керемет сөз болды. Тахауиға соншалық риза болдым. Сейтбекке, Мекемтасқа қарасам, бастарын изесіп, көңілімен құптасып тұр екен...
Апай келіп (Гүлнар Дулатова Мыржақыпқызы. М.М.) бізьбен осы сөзден алған әсерін бөлісті, жылап алды...
Мен бізде жазушы бар екенін мойындадым. Болмаса осы заманның тоғышарлық сипатын сынаудың орнына, суреттеудің орнына өздері сол тоғышарлық бағытына батқан жандар тұр деп, қатты ренжулі едім. Өзі де солай...
Халықтың от боп туған баласын мына қоғам қолына ұстап тұра алмай, мына алақанына оны алғанына сасып, қатты «әбіржіді». Ұстап тұрайын десе, от-бала қолын күйдіреді, ұстамайын десе, от-бала тағы керек, кейде осы от-баланы алақанына салу мейірімсіздеу кісілердің үлесіне тигенде, олар бұл отты су сеуіп, отсыз-ақ тіршілік жасауға ниет етті де, от-бала өзін-өзі өртейтін мінезді шығарды. Керекке жаратар, жарқыратып жағып қояр бапкер орта таппаған от-бала өзін өзі өртеп барып, біржола тынды. Оттан қызу алған халық ол отты өз жүректеріне сақтап қалмақ, ол алақанына салса, оны күйдірген кісілер ол оттың өртеніп біткеніне қуанбақ.
Әрине, ол алақанына салған кісілер аялау үшін емес, оның иесі болғандығы үшін, сол қызметі үшін солай етті, қызметі солай еткізді!
Өмірәлиев Құлмат