Бауыржан Момышұлы өлеңдері

Қазақта қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы соғысқа қатысып, көрген-білгенін қағазға түсірген. Бірақ ол өзін жазушы да, ақын да емеспін дейді. Ал мәнді де мағыналы жазған өлеңдерін оқысаңыз, ақыннан бір кем түспейтініне көз жеткізесіз.

Тырнақтап жина әр жерден

Еріккеннен жазылған
Елге ермек бола алмас,
Зерікеннен жазылған
Зерттеуге белгілі бола алмас.

Ылғи алтын іздеме,
Қазына оған тола алмас.
Сұлу сөзге құл болма,
Зеректік онда көп болмас.

Қол-аяғы болмаса,
Орнынан адам тұра алмас.
Қанатын жазып ұшқанмен,
Құйрықсыз құс қона алмас.

Талабы таудай болса да,
Барлығын жалғыз бере алмас.
Тырнақтап жина әр жерден,
Асылын елеп теріп ал.
Көзге ілместен тастама,
Кірпішсіз үй құра алмас.

Ана тілін ардақта

Көшеде бояу ерін сылқылдаған,
Былдырлап, орысшалап жырқылдаған.
Ұмытып ана тілін, салт-санасын,
Не қалды тілімізден жыртылмаған.

Отбасы түсініксіз жатқан былдыр,
Газетте қазақ сөзі аз, шылдыр-мылдыр.
Оқысаң алып кітап шым-шытырық,
Опырмау, сандырақ па, бұл не былжыр.

Ержеткендер сөйлейді орысшалап,
Кім отыр сөз құрылысын қынап-сынап.
“Мамасы” мен “папасы” шүршіт болып,
Күйдірді-ау, шүршітшілеп, бала жылап.

Ескертпе

Найзадан қол босаса қалам алдым,
Толғанып оқиғаны көп ойландым.
Тырмысып әл келгенше көргенімді,
Жалтақтамай, именбей ашық жаздым.

Отырсам көп ойланып күнім жақын,
Әр адам біле бермейд сөздің парқын.
Ұрпаққа арнап істелген адал еңбек,
Ақ ниетпен ұсындым саған, халқым.

Жазушы болмаған соң менің затым,
Көркемді, жұмыр емес жазған хатым.
Салмақтайтын саналы ер табылса,
Атаусыз неге қалсын менің атым.

1943 ж.

Арман жар

Қолаң қара шашы бар, ашаң жүзді,
Қыр мұрын, қиылған қас, қара көзді,
Толықша, сұңғақ бойлы, алма мойын,
Тиісті жауап бере майда сөзді.

Кең иық, әм кеуделі, құмырсқа бел,
Сипатты, салтанатты көргенде ел,
Ақ тамақ, оймақ ауыз, ауыр мінез,
Көз салмас көрінгенге көңілі ер.

Жырқылдақ, әсіреңкі, сылаң емес,
Ұн бетті, бояу ерін, қылаң емес,
Қылығы оларсыз-ақ жарасып тұр,
Ойыңа ой қосады берсе кеңес.

Жарасқан барлық кейпі денесіне,
Кім болмас риза туған енесіне.
Дәл соны жанға балап жар етпесең,
Күн көзі тірі жүріп көресің бе?!

12.9.52 жыл.

Солдат әні

(Хамидидің «Қазқа вальсі»
деген әнімен айтылады)

Қай жерде отыр екен бота көзім,
Жайнатып мөлдіреген қара көзін.
Армансыз бұл дүниеден өтер едім,
Жеңіспен аман қайтар келсе кезім.

Сағынғанда сені,
Ойлаймысың мені?
Мөлдіреген көзің,
Балдан тәтті сөзің.
Айналайын,
Сәулетайым,
Сәулем, сәулем,
Ғашық жарым.
Қалқатайым.

Шат болып қуанышпен келер едім,
Келбетті, айдай жүзін көрер едім.
Мәңгілік адал ниет жан жарымды
Армансыз құшақ жайып өтер едім.

Сағынғанда сені,
Ойлаймысың мені?
Мөлдіреген көзің,
Балдан тәтті сөзің.
Айналайын,
Сәулетайым,
Сәулем, сәулем,
Ғашық жарым.
Қалқатайым.

Қайран сегіз

Панфилов тірі кезінде
Москваның төрінде
Жау жағадан алғанда,
Батыс елін қиратып,
Қанды ылаң салғанда,
Қаһарына шыдатпай,
Күші кернеп мастанып,
Бізді түгел жойдым деп,
Жер жүзіне мастанып,
Бүкіл жұртқа жар салып,
Лек-лек етіп қол жинап,
Танктері салып өрт,
Аспанда көп самолет,
Зеңбірегін сүйретіп,
Оты шығып аузынан,
Қолтығынан дем алып,
Аға, іні құл етіп,
Қарындас, қатын күң етіп,
Қанатты қанға малғанда.

Руза бойын жайлаған
Жүз мыңға жақын жау қолын,
Бөгет болып көлденең,
Жібермей алға байлаған,
Өр көкірек дұшпанның
Өршуін басқан біз едік.
Танкке қарсы таяқпен
Арпалысып күресіп,
Діңкелеткен біз едік.
Ынтымақты табанды,
Құрыш тәртіп болатты,
Бұлжытпастан бұйрықты,
Жалтартпастан жарлықты,
Белуардан қан кешіп,
Намыс туын көтеріп,
Жалғыз да болсаң алтауға,
Шыдап көрген біз едік.
Айуан келбет дұшпанның
Отыз мыңнан өлтіріп,
Жетпіс мыңнан жаралап,
Қырық мыңын қашырып,
Жүз танкісін бүлдіріп,
«Жеңілмес» намын күйдіріп,
Ойран сап бетін қайтарып,
Жау мұқатқан біз едік.
Гвардия атаққа ие боп,
Ту алып үлкен советтен,
Атағымыз жер жарып,
Ел қуанып, жау қорыққан,
Ызғарлы жігіт солдаттар
Майдан төрін шаңдатқан,
Ерлігіне таңғалтқан,
Қазақ, қырғыз ұлы едік
Панфиловтың кезінде.

ІІ

Панфилов қаза тапқан соң,
Бастады бізді Чистяков
Панфиловтың жолымен,
Ақылға салып іс істеп,
Соғысқа ендік жөнімен.
Жылы жерден келсек те,
Елемей боран, аязды,
«Ильмен» менен «Холмның»,
Арасында айқайлап,
Жүзімізден жай жайнап,
Ұран салған біз едік.
Белуардан қар кешіп,
Түкірік түспес аязда
Жылы орнынан қозғалтып,
Ордасына ойран сап,
Дірілдетіп бездіріп,
Қыр соңынан қалмастан
Дұшпанды қуған біз едік.
Көбін қолға түсіріп,
Аяқ-қолын үсіріп,
Он бес мыңын өлтіріп,
Жауды қырған біз едік.
Екі жүз отыз шақырым
Жорықта болып соғысып,
Тоқайласып, тоғысып,
Екі жүз қыстақ,
Қырық мың ел
Миллиондай шаршы жер,
Тоғай, орман, жол, өзен,
Табанынан дұшпанның
Босатқан ерлер біз едік.
Олжаны елге сауға етіп,
Атақ алған майданда
Қос орденді жалаулы,
Риза боп маршал мақтанған,
Жыраулар мақтап жырлаған,
Панфиловшыл азамат
Әскер көркі аталған
Ер солдаттар біз едік.
Батпақ кешіп белуардан,
Тоқсан бір күн ашығып,
Паналап ағаш, орманды,
Жүз атака тойтарып,
Қаншама қиын болса да
Ар-намысқа тырысып,
Аш күзендей құрысып,
Ата жаумен күресіп,
Жағаласып тіресіп,
Табандылық көрсеткен,
Кобляки деген шалшықта
Бастығымыз Чистяков
Бірнеше қиын қиямет
Басымыздан кешіріп,
Оттан тіккен қапшықтан
Жеңіспен шыққан біз едік.

ІІІ

Біз кім едік, біз едік
Панфиловтың кезінде,
Біз кім едік, біз едік,
Чистяковтың кезінде,
Кейіннен келді бастауға
Чернигов деген нақұрыс,
Бастау жөні осы деп,
Күнде қиқу, ақырыс
Жігіт көңілін жер етіп,
Майда өсек сөз етті.
Бұрынғыны көре алмай,
Қолынан іс келе алмай,
Балағаттап ақыреттеп,
Айқын көлді шөл етті.
Ерлердің көбі шыдамай,
Сай-сүйегі сырқырап,
Ызаланып, қынжылып,
Басқа қолға көп кетті.
Әбден байқап қарасам,
Чернигов деген Шернияз
Ақылы жоқ, ары жоқ,
Ел қадірін білмейтін,
Ер қадірін сүймейтін,
Саясатсыз, сауатсыз,
Өз басын сипап сыйлаған,
Пасық пікір, дөң мінез,
Әдепсіз өскен ит екен.
Тегін сұрап қарасам,
Сасық тері иленген
Қабырлаған құрт екен.

ІV

Әділдікке тәнт тұрып,
Өсекке көңіл бөлмейтін,
Қара ниет озбырлық,
Қиянат тисе арыма,
Кім алдында болса да,
Оған мен жол бермеймін.
Аштырмаймын ауызын,
Езіп жүрек-бауырын
Он тоғызыншы июльде
Қырғыз, орыс алдында,
Жеті рет соғып найзамен,
Отырғыздым үндетпей,
Орынсыз айтқан сөзіне,
Өз басымды қорғаумен,
Талғар полкын қорғаймын,
Панфилов жөнін қорғаймын,
Ресімін сегіздің
Жігіт арын қорғаймын.
Кеткенше Шекең орнынан
Сөзімнен мен танбаймын.

4.8.43 ж.