Батыр Бауыржан Момышұлының ұлт үшін аянбай еңбек еткендігі барша жұртқа мәлім. Ол қан майданда от кешіп жүріп, батырлықтың не екендігін нақты ісі арқылы дәлелдеген тұлға. Оның еңбектерін оқысаңыз, ұлт өміріне берілген әділетсіз бағаға, тоқтаусыз жүргізілген орыстандыру саясатына ашық қарсылық танытқанын білуге болады. Осы турасында батырдың әдебиетші-ғалым Есмағамбет Ысмайыловқа жазған хаты бар. Хатында қазақ халқының революцияға дейінгі өмірін қараңғы түнек, ал өзін бар жақсылықтан хабарсыз, бишара ретінде көрсетуге үзілді-кесілді қарсы шығады. сіз де оқыңыз, қадірлі оқырман!
"Кемеңгер жігіттерге ақыл айтудан мен аулақ, бірақ ойдағы нәрсе халық ісі болған соң жазғаным еді. Біздің кейбір әжептәуір адамсынған жігіттеріміз баспа бетінде, көптің алдында: «Біз қараңғы, жабайы, надан, сорлы едік...
Біздің бабаларымыздың көзі ашылмаған соқыр, пайымсыз, жарық дүниені танымаған, даланы жайлаған айуан қатары халық едік», тағы осы сияқты бірнеше жала, өтірік, өсек, қиянат «жалпанышты» сөздер айтып, ел еңсесін селге салып, жер етіп жүргендері аз емес, ондай жігіттердің ел сорына біткені сөзсіз емес пе?
Біздің бабамыз кімнен кем, кімнен сорлы еді? Мың жыл жасаған қазақтың ішінен ақылды, пайымды адамдар бүгінгі таңда ғана шығып па? Кемеңгерлік, данышпандық, ел қасиетін, бабамыздың аруағын тепкен тентектердің аузына қашан тыйым салынады?
Бабамыздың адамгершілігі, ерлігі, ақылы, сипат, салтанаты көп алдында әділ баға алып, немере-шөберелеріне қашан мақтаныш, тымсал, мысал болып, жұрт алдында еңсемізді қашан көтереді. Басқалар бабаларының аруағына сыйынып бас ұрғанда, ондай міндетті борышымызды басымыздан атқаруға біздің ұялуымызға жол болсын?
Басқалар бабаларының мінез-құлқына, өсиет, ақылына, әдет; әдеп-ғұрпына жаңа өспірім балаларды тәрбиелегенде, біз халық қасиетін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін елден жасырып, архив пен филиалға тығып, сүрі еткеніміздің жөні қайдан шыққан әдепсіздік? Ұялмай-қызармай консервировать ету — жастарға қара перде емес пе?
Тағы осы қалыпта 10-20 жыл өмір сүрсек, қазақты — қазақ тарихы, әдебиеті, тағы басқа жақсы халық қасиеттеріне түсіндіру үшін тілмаш, переводшіктер керек болып, барлық тіл байлығынан айырылып, жап-жалаңаш боп шыға келмейміз бе деген ойға не себепті осы уақытқа дейін түспейді?"
Мəскеу, 1943 жыл