– Әй бала!
Деме ағыңның қарыс тілі,
Дем бергіш басылар ма соғыс сыры?
Таксиді шабуылдай шапшаң жүргіз,
Мен – Бауыржанмын... Момышұлы!
Рөлде қарапайым қазақ жігіт,
Мырс етті,
Місе тұтпай мазақсынып.
Көз алмай көп машина легінен,
Тіл қатты бұрылуды азапсынып.
– Шошытпа, көке!
Талай шошынғанмын,
Деп пе едім:
«Ей, ағатай, осыған мін».
Сен түгіл настоящий Бауыржанды,
Мен былтыр күні бойы тасығанмын.
Он теңге сөз бе?
Одан алғаным жоқ.
Бір көру жүруші еді арманым боп.
Өз әкем Бауыржанның полкінде өлген,
Өкіндім талай іздеп бармадым деп.
– Інішек-ау, жасай ма деп көлік кірбің,
Сөз айтсам көңірсіттің төгіп зіл-мұң, –
Деді де Баукең дереу паспорт тосты:
– Мінекей,
Мен Бауыржан нөмір бірмін!
Жігітті батыр сөзі кетті қыршып,
Кетті қыршып,
Аяусыз өтті шымшып.
Көргенде Момышұлы деген сөзді,
Қос маржан қос жанардан шықты ыршып.
Дедектеп такси зытты көштен дара,
Ем тапты көкіректі тескен жара.
Құлпырды өз әкесін көргендей-ақ,
Қолында өгей әке өскен бала.
Тез жеттік барар жерге арқыратып.
Жиырма сом Баукең тосты
Жарқыратып.
– Алмаймын аға, – деген таксишіге,
Саңқ етті
Алатауды қалтыратып.
Жарқ етті.
Екі көзден шырақ жанды,
Қарт батыр қаһарланды,
Қыранданды.
Шекеде қан ойнаған күретамыр,
Өзендей өрге ұмтылған бұраңдады.
– Отставить!
Өзіңе тақсырлығың!
Бес сомдық көріп тұрмын такси құнын.
Он теңге – былтырғы қу жігіт үшін,
Бес сомға – келінге гүл тапсыр бүгін!
Кәкімбек Салықов