Бүгін – даңқты қолбасшы, қалам мен қаруды қатар ұстаған Бауыржан Момышұлының туған күні. Назарларыңызға Бауыржан Момышұлының жастарға ғибрат болар әңгімесінен үзінді ұсынамыз.
...Немістер барлық күшін жинап, таң ата 35 самолетімен бізді бес рет бомбалады. Барлық зеңбірек, минометтер күні бойы оғын біздің үстімізге жаудырып, айналамыздағы жерді қопарып жатыр. Түске дейінгі төрт шабуылын біздің жігіттер тойтарды. Шабуыл үсті-үстіне өршіп тынар емес. Мәскеудің босағасына жақын жердегі ерегіс соғыстың қызған күнінің бірі. Біз «К. стансасын бермейміз» деп Мәскеудің қақпасына тіке алып баратын темір жол мен қара жолдың түйіскен жерінде дұшпан алдына көлденең бөгет болып, аз да болсақ дұшпанның көп күшін алға бастырмай, табан тіресіп, жауға қарсылық көрсетіп жатырмыз.
Жау «Қайтсең де аламын, күйретемін де, қиратып басып өтемін» деп, күштің үстіне күш салып жатыр — ешқандай шығынмен санасар емес. Егер де бұл жерден кейіншектеп қозғалсақ, жолда соғысуға ыңғайлы жер жоқ. Мәскеудің тап босағасына барып бір-ақ тоқтамақпыз, сол себепті — «Мәскеуге не бетімізбен барамыз, дұшпанды өкшелете артымыздан ертіп. Жігіттер сүйегіміз қалса да, не болса да, осы жерде болсын. Бір адым кейін шегінуге жол жоқ» деп жарлық еткен болатынмын.
Өзімнің жарақаттансам да емделуге кетпей жатқанымның себебі сол еді.
Екінші батальонный, командирі телефонмен:
— Өзіммен жеті-ақ адам қалды. Не бұйырасыз? — деп баяндады.
— Елге қайта ғой деп айта алмаспын. Мұхаметқұлдың қарамағына жеті адамыңды алып, он басы ретінде соғыса бергін,— дедім.
Жиырма шақты минуттан кейін үшінші батальонның командирі телефонмен:
— Жалғыз өзім - ақ қалдым. Не бұйырасыз? — деді.
— Жалғыз қалсаң, қолыңа мылтық алып, Мұхаметқұлдың қарамағына барып, жай рядовой (бұқара) әскер қатарында соғысқын,— дедім.
— Ойпырмай, үлкен басымды сонша кішірейтерлік мен не жазып едім? Капитан едім ғой. Кіші лейтенанттың қарамағына жұмсадыңыз - ау, — деді ол.
— Батальон қырылып, оның жалғыз командирі тірі қалғанына мен сенбеймін. Қарамағыңдағыларға ие бола алмай қалсаң, өз обалың өзіңе. Солдат болып соғыс, шеніңді міндет қылмай, — деп зекірдім.
Жарты сағаттан кейін Мұхаметқұл барлық жағдайды толығынан баяндады. Дұшпан оң, сол жақтағы көршілерімізді шегіндіре - шегіндіре түріп тастап, барлық салмағын біздің маңдайша мен босағамызға салғанын айтты...
— Дұрыс, шегінуші бірде-бір адам болмасын, — дегеннен басқа еш нәрсе айтпастан, қарамағымдағы зеңбіректердің оғын Мұқаң тілеген жаққа жаудыру әрекетін істедім. «Тағы да оңға таман... Солға таман... қақ ортасынан түсті, беті қайтты оң жақтағылардың... уһ! беліміз бір көтеріліп қалды ғой...» деген сияқты хабарлар Мұхаметқұлдан келіп жатты.
Түс қайтып, бесін кезінде дұшпан қатты бомбылап, тары да бізді тықсыра бастады.
— Жан-жақтан құмырсқаша өріп, қаптап келеді. Оларға қарсы тұратын дәрмен бізде қалмады — деді Мұхаметқұл. Даусынан қасындағылардың азғырып айтқызып тұрғанын сездім.
— Әрине, неміс бізден көп болмаса, шабуыл жасар ма еді. Олар көп, олардың күші мол. «Төртеу түгел болса, төбедегіні алады» деген. Қасыңдағы үрейленген әзәзілдердің ықпалына көніп, сенің де екі көзің алақандай болған екен ғой...
— Тіптен болар емес, — деді тұтығып.
— Кімдер болар емес? — деп ақырдым. — Дұшпан ба, жоқ үрейленгендер ме! «Жаман елге қатын қожа» ете алмаспын мен.
— Әсіресе, дұшпан. Менің айтып отырғаным сол ғой, — дей бергенде:
— Ей, Мұхаметқұл! — дедім. — Қазақтың «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» деген мақалын білуші ме едің...
— Иә, білем — деді.
— Білсең, менің приказым сол! — деп телефонды тастай салдым.
Бес минут өтпей телефон шыңғыр ете қалды.
— Бәуке, Баукеш, — деген Мұхаметқұлдың даусы естілді.
— Мен, мен, не демексің?— дедім.
— Тұрдым, тұрдық не болса да. Айтайын дегенім осы еді.
— Жақсы, жолың болсын. Зеңбіректерді қайда жұмсайын, айтып тұрғын. Дұшпанның тобына сілте. Бір жүз, екі жүзін өздерің пулеметпен, мылтықпен - ақ үлгеріңдер...
Сөздің қысқасы, біздің полк сол күні тағы да бірнеше дұшпан шабуылын тойтарып, табандылық, тапқырлық көрсетіп, немістерді қырғынға ұшыратып, діңкелетіп, кеш бата қарсы шабуыл жасап, біраз уақыттан кейін Мұхаметқұлдың батальоны бір қыш - кирпич заводынан немістерді қуып шығып, басып алды. Кейіннен тексеріп қарасақ, борандай борап тұрған оқ, зеңбіректердің жарылған оқтарының ішінде екінші, үшінші батальон командирлері адасып, адамдарын таба алмай қалған екен. Ол батальондардың жігіттері орнынан қозғалмай күшпен соғысқа қатысып отырғандары айқындалды.
Сондай қиыншылық жағдайда, дұшпанның қара құрымдай қаптаған күшінен қобалжыған кезде қуат та, медет те, себеп те болған қазақтың ер намысына тидіре айтқан екі ауыз мақалының күші.