Қазақтың біртуар тұлғасы, ұлт мақтанышы батыр Бауыржан Момышұлының қандай текті адам болғанын барша қазақ жұрты біледі. Қаһарман батыр жайлы ел ішінде аңыз да көп. Баукеңнің азаматтық һәм адами тұлғасын көрсететін сондай бір оқиғаның қалай болғанын оқи отырыңыздар!
Кәмәш (Бауыржанның әйелі):
- Бір күні Бауыржан екеуіміз қала араламақ боп такси шақырдық. Шоферіміз ұйғырдың бір жас жігіті екен. Баукең соның қасында, мен артта отырмын. Бір кезде мен:
- Бауыржан, мына магазинге кіре шығайықшы, - дедім.
Мен Бауыржан дегенде, таксист жігіт Баукеңнің бетіне жалт қарады. Содан кейін де қайта-қайта қарағыштай берді.
Біз магазиннен шығып, Баукең қасына жайғасқаннан кейін таксист жігіт машинасын жүргізуден бұрын Баукеңнің бетіне қарады да:
- Аға, сіз шын Бауыржансыз ба? - деп сұрады. - Момышұлы Бауыржансыз ба?
- Ол не керек саған?-деді Баукең катқылдау үнмен.
Шофер жігіт күлді де, осыдан бір жыл бұрын өзінің бір жолаушыны тасып, қаланы күні бойы аралатқанын айтты.
- Мен одан бір тиын ақша алмадым,-деді жігіт. - Өйткені ол «Мен Бауыржан Момышұлымын!» деді. Атақты Бауыржаннан ақша алып не болыпты маған?
- Неге алмайсың? - деп сұрады Баукең.
- Себебім бар.
- Қандай себеп?
- Менің әкем Ұлы Отан соғысында Бауыржан полкының жауынгері болған. Әкем Бауыржанның батырлығын, солдаттарға деген қамқорлығын аузынан тастамай айтып отырушы еді.
- Әкең тірі ме?-деді Баукең оған сәл бұрыла түсіп.
- Бертінде қайтыс болды, - деді таксист. - Бірақ мен оның Бауыржан екеніне бір сөзінен шүбәланып қалып едім. Өйткені біз микроауданға қарай бара жатқанда бір
«Запорожецті» басып оздық. Сонда ол:
- Мен де осындай бір «Запорожец» алсам деп жүрмін, кезекте тұрмын,-деп қалды.
- Бауыржанның «Волгасы» бар деп естіп едік қой, - дедім мен оған жалт қарап.
Ол сәл қолайсызданып қалды да, содан соң күліп:
- «Волгамның» бары бар, оны өзім мінемін, «Запорожецті» балаларға алып берейін деп едім, - деді.
Мен солай болса солай шығар дедім де қойдым. Сонымен міне бүгін екінші Бауыржаңды алып келе жатқаныма таңғалып отырмын.
- Екінші емес, бұл номер бірінші Бауыржан, - деді Баукен шоферға даусын көтеріп.
Таксист «қайдан білейін» дегендей, басын шайқады.
- Тоқтат! - деді Баукең қатуланып.
Таксист те, мен де сасып қалдым. Ол дереу машинасын тоқтатты. Мен Баукең түсемін деп әлек салып жүрмесе екен деп қылпылдап барамын. Жоқ, өйтпеді. Қалтасына қолын сұғып, паспортын суырып алды да:
- Мә, оқы, - деп шофер жігітке ұсынды.
Ол паспорттан Баукеңнің аты-жөнін оқып шығып, куана бас изеді. Содан кейін ол елбелек қағып қос қолын бірдей Баукеңе ұсынды.
- Әкем өлерінде Алматыға барсаң, менің командирім Бауыржанға сәлем бер деп еді, -деді даусы дірілдеп.
Баукең таксист жігіттің қолын алып:
- Әкең иманды болсын, қарағым, - деді.
Содан кейін қайтадан ілгері козғалдык. Мен де ішімнен «уһ» дедім.
- Анау Бауыржан қанша ақшанды бермей кетті? - деп сұрады бір кезде Баукең таксистен.
- Көп емес, ағай. Он сом ғана.
- Өзіңнің балаларың бар ма?
- Бар, ағай, екі балам бар.
Біз баратын жерімізге жеттік. Таксистің счетчигіне қарап едім, бес сом екен. Соны төлейін деп сумкамды ашқалы жатыр едім, Баукең:
- Ей, қатын, маған жиырма сом бер, - деді.
Мен оны не қылады деп ойладым да, сумкамнан алып алдымен оның сұраған ақшасын бердім. Одан кейін таксистке бес сом ұсынғалы жатқанымда, Баукең:
- Қарағым, мынау былтырғы, жалған Бауыржан алдап, төлемей кеткен он сомың.
Мынаның бес сомы мына счетчигің көрсетіп тұрған біздің жол ақшамыз. Калған бес сомына менің атымнан балаларына базарлық апарып бер, - деп жаңағы менен алған
жиырма сомды тұтас таксистке ұсынды.
Шофер сасқалақтап:
- Мен сізден бір тиын да алмаймын, - деп еді, Баукең:
- Молчать! - деп ақырып қалды да, ақшаны оның алдына тастай салды. - Бұдан кейін алданушы болма.
Осылай деп Баукең машинадан шықты да, есігін тарс еткізіп жауып тастады.
Ә.Нұршайықов
"Ақиқат пен аңыз"