- Негізгі бет
- Бауыржан Момышұлы
- Бақытжан Момышұлы:...
Бақытжан Момышұлы: Сырласу
Біз ерекше бір сәуле мен әсем дыбыстар, жарқын күлкі мен жеңіл мұң тоғысып жататын осынау кештерді ұнатушы едік. Жан жүрегімізбен ұнататынбыз.
Біз аласа столдың үстінде шашылған қағаздарды жинастырып, ыстық бауырсақпен шай ішер едік. Содан соң әкей темекісін қолға алар еді. Алда-жалда темекісі таусыла қалса, темекінің бос қорабымен қазақтың әсем ою-өрнектерін қайшымен әдемілеп қияды. Мұндай ою-өрнектердің өзі үйде бір альбом болды.
– Папа, үйде жұмыс істеуге тілек білдірейік те,– деймін қалжыңдап. – Қай ателье болмасын бұл тілегімізді қуана қабылдар еді. Тіпті нағыз хас шебердің өзі сенің өнеріңе таңдай қағары анық.
– Ал сонда менің орныма сен жазасың ба?– дейді ол. – Бәлкім, мен саған өз қағаздарымды сеніп тапсырған да болар едім, бірақ екеуміздің үніміз екі басқа ғой. Менікі болса әбден қалыптасқан бас, ал сенде тарғыл баритон.
– Қосыла кетсек қандай үйлесер еді,– деймін мен даусымды көтере.
– Оның үстіне әніміз де бөлек.
Әкей мұртын ширата маған:
– Ұлттық киімдер жөніндегі Айшаханымның кітабын беріп жіберші,– дейді.
Мен орнымнан тұрып, кітап сөрелеріне беттеймін.
– Тамаша! Дәп қазір сен үлкен атаңа ұқсап кеттің. Айырмашылығы – Момыш жәкем шағын денелі арық шал болатын, ал сен алпамсадай азаматсың.
– Кезінде ашыққаным ғой. Енді қазір соның есесін қайтару үшін тамақты шектен тыс көп ішемін. Ал оның өзі зиян, – деймін мен.
– Ашықтан алпамсадай болғаның көрініп тұр, ұлым. Кәне, әкел кітапты!
Менің қолымнан кітапты алысымен, ол маған қандай киім Қазақстанның қай өлкесінде қолданылатынын түсіндіруге кіріседі.
– Мынаны қара,– дейді ол. – Бұл албан келіншектері киетін кимешек. Көрдің бе, айналасын күміспен, асыл тастармен әдіптеп, әсем етіп жасағанын. Келіншектер кимешектің сыртынан шашақты үлкен жібек орамал жамылатын болған. Ал албан кемпірлерінің кимешегі одан гөрі қарапайымдау, өрнектері көк түсті болып келеді. Оның есесіне кимешектерінің етегі ұзын, жерге тиеді. Біздің Оңтүстік Қазақтанда кимешекті басқашалау етіп жасайды...
Тыңдай отырып әкеме таңқаламын. Барлық өмірін әскер қатарында өткізіп,Россияда қызмет атқарған, ұрыстарға қатысқан, академияда әскери өнерден сабақ берген, кейінірек қайнтөгіс алапат соғыс жайлы өз тәжірибелері туралы қалың да күрделі кітаптар жазған адам әр облысқа, өлкеге тән әйелдердің ұлттық киімдерінің ерекшеліктерін қалайша біліп алған?!
Осындай бір таңданыс құшағында отырғанымда, ол енді ерлер киімдері, олардағы өзара үндес өрнектер туралы әңгімелей берді...
@. @assel_assanova