Қанты көп энергетикалық сусындарға қосымша салық салу ұсынылды

Қанты көп энергетикалық сусындарға қосымша салық салу ұсынылды
Фото: depositphotos.com

Сенатор Бибигүл Жексенбай елімізді зиянды тамақтар мен қанты көп энергетикалық сусындарға қосымша салық салуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Соңғы кезде Қазақстан нарығында шығу тегі белгісіз зиянды тағамдар қаптап кетті. Алыс-жақын елдерден "қоқыс" тауарлар арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Ең қорқыныштысы – "қоқыс" тағамдардың көбін көшелер мен жертөлелерде жасайды.Қытайдың өзінде бұл өнімнің зиянды екені дәлелденіп, сайттарында "қоқыс" тағамдары деп көрсетілген. Қытай билігі мұндай залалды тағам өндірушілермен күресіп жатса да "қоқыс" тағамдары алыс-жақын шетелдің қорғалмаған нарығын жаулап жатыр", - деді Бибигүл Жексенбай Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат Үкіметке өзекті сұрақтар қойды:

Біріншіден, Қазақстанның арнайы заңдарына сәйкес, әр өнімде қазақ немесе орыс тілдерінде шығарушы туралы, құрамы, пайдалану мерзімі туралы ақпарат болуға тиіс. Бірақ дүкендер мен базарларда саудаланатын арзан, көздің жауын алатын зиянды тағамдар бойынша осы талаптардың орындалуына бақылау бар ма?

Екіншіден, шетелден ағылған тауарға ақшасын төлесе, жылдам сертификат алуға көмектесетін интернеттегі жарнамадан көз сүрінеді. Жеке делдал компаниялардың бұл бағыттағы көптігі нарықтағы сапасыз тауарлардың көбеюіне әкеліп отырған жоқ па?

Үшіншіден, зиянды тағамдардың жарнамасы жайлы айтпау мүмкін емес. Өйткені, бүгінде жұрт, әсіресе, балалар қанты мол, тұзды, майлы, химиялық қоспалардың мөлшері көп өнімдер жарнамаларының еріксіз көрермені болып отырғаны жасырын емес. Әрине, жарнама тиісті заңдармен реттелгенімен оларда денсаулыққа зиянды өнімдер туралы ақпараттың таралуын шектейтін нормалар жоқтың қасы.

Елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72 пайызы ДДСҰ тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады. Зиянды тағамдар жарнамасын көбейту – түсіне білгенге жамандыққа азғыру. Бұл бағытта қандай жобалар мен жоспарлар бар? Төртіншіден, күнделікті астың ағзаға қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тағамдағы қант, тұз және қатқан майларды бақылау маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тамақ өнімдеріндегі қант пен тұздың құрамы 5 пайыздан аспауы жөніндегі қаулысы қатаң орындалуға тиіс.

Бүгінде әлемде зиянды тағамға қосымша салық салу практикасы айтарлықтай кең тараған. Соңғы 10 жылда мұндай салық Дания, Норвегия, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және тағы басқа елдерде бар. Осы салық түрі енгізілген елдерде өндірушілер мен сатушылардың 70 пайызы зиянды және қосымша салық салынатын өнімдерді қысқартты.

Сонымен қатар Бибигүл Жексенбай Үкімет басшысынан төмендегі ұсыныстарды қарастыруды сұрады:

"Біріншіден, елімізде "қоқыс" тағамдарды саудалауға тыйым салу, кедендік бақылауды күшейту. Екіншіден, стандарттау және сертификаттау қызметін қатаң бақылауға алу. Үшіншіден, әсіресе, балаларға зиянды тағамдарды жарнамалаудың уақыт мерзімін бойынша шектеу қою. Төртіншіден, зиянды тағамдарға қанты көп энергетикалық түрлі сусындарға қоғам денсаулығын қолдауға арналған қосымша салық салуды қарастыру. Бесіншіден, балабақшадағы балаларға, мектептегі оқушыларға ағзаға пайдалы сүт, қымыз, шұбат беруді міндеттеуді қарастыру. Алтыншыдан, Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, салауатты тамақтану бойынша тұрақты және тиімді ақпараттық кампания өткізіп отыру. Жетіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінде қоғамдық денсаулықты қорғау бойынша арнайы толыққанды құрылым құру", - деді депутат.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы