- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Балықты бөшкелеп аулап...
"Балықты бөшкелеп аулап жатыр". Қорғалжын көліндегі жағдай балықшыларды алаңдатып отыр
Қорғалжын қорығындағы көлдерден күн сайын мыңдаған автокөліктердің балықты бөшкелеп аулап жатқаны балықшылардың өзін қатты алаңдатып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Болып жатқан жағдайға куә болған балықшылардың айтуынша Қорғалжын қорығы аумағындағы Қоқай, Сұлтанкелді, Есей көлдеріне күн сайын жүздеген көліктер келіп, әр көліктегілердегі балықшылардың әрқайсысы кемінде 100 қармақтан тастайды.
"Өткен боранда жол жабылып қалғанда балық аулау сап тиылып қалған. Бірақ жол ашылғаннан кейін балық аулаушылар күніне 300-500 автокөліктен ағылып көлге балық аулауға баратын болды. Тіпті, тас жолдың үстінде кептеліс болуға айналған. Балықшылардың әрқайсысында жүз-жүзден шортан аулайтын қармақтары бар. Бір күнде көл бетінен 50-100 мыңға дейін ойықтар ойылады. Олардың әрқайсысынан жемтігін жаңартып отырып 2-3 шортаннан аулады деген күннің өзінде қанша балық пен шабақтың ауланып жатқанын есептей беріңіз. Бөшкелеп тасып жатыр. Көпшілігі мұны тіпті кәсіп етіп алған. Қорыққа кірген әр адам 2 мың теңгеден төлесе болды. Олар қармақпен аулай ма яки аумен балық аулай ма оған назар да салмайды. Яғни, балықтың мүлде таусылып қалу қаупі бар. Сондықтан балық аулауға республика бойынша 12 ай мораторий жариялап, сол аралықта өзен-көл жағалағандарға қомақты айыппұл салуды ұсынамын", - дейді елордалық балықшы Еркеғали Бейсенов.
Фото: жеке мұрағат
Аталған мәселеге орай Ақмола облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан пікір білдіруін өтіндік. Ведомство басшылығы да қорықта заңға сәйкес бақылаудың тиісті түрде жүргізілмейтіндігін мойындады.
"Қазақстан Республикасының "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңының 40 бабының 1 тармағы, 6 тармақшасына сәйкес мемлекеттік қорықтың барлық аумағында қорғаудың қорықтық режимі бекітілген. Онда балық аулау және аңшылыққа тыйым салынған. Алайда, Қорғалжын қорығы су қоймаларында осы заңның 43-1 бабының 2 тармағына сәйкес ғылыми ұсынымдар негізінде мелиорациялық балық аулауға рұқсат етілген. Қорық аумағында 4 тұрақты және екі жылжымалы кордон бар. Қысқы мелиорациялық балық аулау кезеңінің ашылуына байланысты қорық аумағына балыққа келетін адамдардың қатарын көбейткен. Кезекші ауысымдарды күшейту қажеттігі туындап тұр. Аталған мақсатқа қорықты қорғау бөлімінің 12 мемлекеттік инспекторы тартылды. Жалпы саны 8 адамнан тұратын екі жедел топ құрылды. 3 кордон аумағында қорғауды күшейту үшін 16 мемлекеттік инспектор жұмылдырылды. Ақмола облысы инспекциясымен тұрақты түрде Қорғалжын мемлекеттік қорығына рейд шаралары жүргізіледі. Тек өткен жылы ғана 44 рейд болып табиғат заңнамасын бұзудың 14 фактісі анықталды. Ерекше қорғалған аумақ режимін бұзғаны үшін жалпы сомасы 293 250 теңге сомасына 10 әкімшілік айыппұл салынып, өндіріліп алынды. Мұның бәрі қорықтағы заңнаманың нашар сақталуынан және қорық басшылығының тарапынан бағыныштылардың жұмысына тиісті бақылаудың болмауынан болып отыр. Биыл қорық аумағында 4 рейд шаралары өткізіліп бір заңбұзушылық анықталып, ескерту түрінде қаулы шығарылды. Табиғатты қорғау заңнамасы инспекциямен рейд шаралары арқылы жалғасатын болады", - дейді Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.
Фото: жеке мұрағат
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Тағы да оқи отырыңыздар: Қара киіммен қай түстер үйлеседі?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz