- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Дәулет Тұрлыханов...
Депутат Дәулет Тұрлыханов кальянға мүлдем тыйым салу қажет екенін айтты
Депутат Дәулет Тұрлыханов мәжіліс отырысында кальян мен оның зияны туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат бүгінде пайдасынан зияны көп, жас та кәрі де пайдаланатын осындай электрондық темекі, синтетикалық наркотик, бір ішсең қайта-қайта іше бергің келетін энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен күнге көбейіп бара жатқанын атап өтті.
"Солардың бірі – кальян, қор-қор түтіні. Бұл да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп, өскелең ұрпақты аздырып барады. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті. Тіпті жасөспірімдердің өзі топталып кальян шегіп, айналасын көк түтінге көміп жатыр.
Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашишь те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан бір жан жоқ! Соның салдарынан бүгінде отбасымызбен қоғамдық жерге барып тамақ ішу мүмкін болмай қалды. Айналамыз көк түтін, оның заңсыз екенін ескеріп жатқан кәсіпкер жоқ. Бұл – дабыл қағарлық жағдай!", - дейді депутат.
Дәулет Тұрлыханов кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым барын атап өтті.
"Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені, 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой. Бірақ пайдаға дәндеген кәсіпкерлер мұны пайдаланып қалуға тырысты. Кальян таратушылар тек өздерінің ғана емес, қасындағы адамдардың да денсаулықтарына зиянын тигізуде. Қоғамдық орындарға тынығуға барған адамдар еріксіз көрші үстелде кальян шегушілердің түтінімен тыныстауға мәжбүр.
Бұған ескерту жасап, шағым айтсаңыз, көп болса, кальян шегушіге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі небәрі 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сома ғана. Ал осыны ұсынып отырған кәсіпкерге ешнәрсе де болмайды. Өйткені ол заңда көзделмеген", - дейді Тұрлыханов.
Сондықтан депутат бұл мәселені де жіті қарап, заңнамалық негізде тоқтау салатын кез жеткенін айтады.
"Сондықтан, қоғамды кальяннан арылтып, оған мүлдем тыйым салу қажет деп есептеймін. Осы айтылғандарды ескере отырып, келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Біріншіден, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс.
Үшіншіден, ҚР Үкіметі елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет", - дейді депутат.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина