Тараздық әйелдің ажырасып кеткеніне алты жылдан асса да, күйеуі әлі күнге дейін күн көрсетпей келеді

Тараздық әйелдің ажырасып кеткеніне алты жылдан асса да, күйеуі әлі күнге дейін күн көрсетпей келеді
Фото: КТК телеарнасы

Бұрынғы күйеуінің соққысынан қос жақ сүйегі сынып, әбден зәрезап болған астаналық келіншек араша сұрады. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі күндіз терезесіне тас лақтырса, түнде оқ атудан тайынбайды. 25 рет хаттама толтырылса да, полиция "қылмыс құрамы жоқ" деген сылтаумен жауапқа тартпай отыр екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жеті жасар Тоғжанның көзін ашқалы көрген көрінісі. Айтуынша, әкесі ішіп келеді, үйдің астаң-кестеңін шығарып, анасын сабайды. Одан қалса сіңлісі екеуінің шашынан жұлып, тепкінің астына алады. Үйіндегі "ұртоқпақтан" құтыламын деп ажырасып кеткеніне алты жылдың жүзі болса да, Таңшолпан күйеуінен әлі күнге дейін зәбір көріп келеді. Тіпті Тараздан Астанаға қоныс аударған.

"Үйімнен, жұмысымнан шыға алмай қалдым. Мұрнымды сындырғанына байланысты қылмыстық іс көтеріліп, кейін тоқтап қалды. Учаскелік полицей "ешқандай құқықбұзушылық көріп тұрған жоқпыз" дейді. "Өткенде мұрнымды сындырды ғой" десем, ол өтіп кетті ғой дейді", - дейді Таңшолпан Керімова.

Әйел шаңырақ көтергелі 25 рет ішкі істер органдарына жүгініпті. Оның айтуынша, түрлі себеппен іс жылы жабылып, құзырлылар хаттама толтырудан әрі аспайды. Тек бірнеше рет қанталап жатқан келіншекті көрген учаскелік полицей күйеуін 10 тәулікке уақытша ұстау абақтысына ғана қамаған.

"Қайтемін, енді?! Өліп қалу керек пе?! Ешқандай құқықбұзушылық көріп тұрғанымымыз жоқ, келсе, 102-ге хабарласыңыз дейді. Оның анасы бұрын ІІД-да істеген. Таразда мен ешқандай әділдік таппадым ғой. Таразда барлығынан сол кісі құтқарып отырды. Мамасы сол жақта істегеннен кейін ешқандай әділдік таппадым ғой", - дейді Таңшолпан Керімова.

Абақтыдан шыққан соң бұрынғы күйеуінің ашуы тіпті үдей түскен. Не жұмысына, не далаға шыға алмай қалған әйел қазір екі қызымен Астанадағы дағдарыс орталықтарының бірінде тұрып жатыр.

"Жиі келіп түседі осындай әйелдер. Көбінесе сол күйеулері қол көтереді. Психологиялық жәбір көрсетеді. Бұл орталықтың істегеніне 10 жыл болды ғой. Осы уақыт ішінде 2 300-ден астам адам түсті, бірақ жыл сайын адам саны көбейіп келе жатыр", - дейді Астана дағдарыс орталығының психологы Жұлдыз Аймағамбетова.

Алматы ауданы учаскелік полицейлері кейінгі рет келгенде әдеттегідей тек әкімшілік іс қозғап 10 тәулікке қамаған. Ал қылмыстық іс ашуға "құрам таппайды".

"Аталған факті бойынша құқықбұзушылық анықталып, Алматы ауданы полиция басқармасының уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылды. Бұған дейін қала тұрғыны жүгініп, жанжал шығарып, оны қудалап жатқан бұрынғы жұбайына қатысты шара қабылдау туралы өтініш білдірген болатын. Полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғады", - дейді Астана полиция департаментінің ресми өкілі Гүлмира Шырахметова.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан