"Неге өзге мемлекеттерден көмек сұрамасқа". Майқайыңда шұңқырға құлаған автобус ішіндегі құтқарушының әйелі Президентке үндеу жасады

"Неге өзге мемлекеттерден көмек сұрамасқа". Майқайыңда шұңқырға құлаған автобус ішіндегі құтқарушының әйелі Президентке үндеу жасады
Фото: Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі

Майқайыңда шұңқырға құлаған автобус ішіндегі құтқарушының әйелі Президентке үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Майқайыңда шұңқырға құлаған автобус ішіндегі құтқарушының әйелі Президенттен осы апатқа байланысты жұмыстарды жеке бақылауына алуын сұрады.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, барлық Қазақстанға белгілі болған Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың кентіндегі орын алған үлкен апат нәтижесінде іздестіріліп жатқан құтқарушы Шаймерден Айдос Әлібайұлының жары, бес баланың анасы Шаймерден Нұрсұлу Жанатовна Сізге видео-үндеу жолдап отырмын. Бүгін міне жолдасымның қасымызда болмағанына 18 күн, артында еңіреп кәмелет жасқа толмаған, тіпті, аузынан сүті кетпеген бес балам әкесін күтіп отыр. Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің генерал-майоры Жұмашев Жасұлан Қыдырқожаұлының және облыс әкімі Байханов Асайын Қуандықұлының басшылығымен 18 күннен бері іздестіріліп жатқан жұмыстарынан еш нәтиже жоқ. Алланың құдыреті шексіз ғой, мүмкін олар тірі шығар, мүмкін дәл қазір сіздердің көмектеріңіз қажет шығар. Біз 18 күн қайғыдан қан жұтып отырмыз. Адам өмірі басты құндылық емес пе? Неге өзге мемлекеттерден көмек сұрамасқа?! Неге техника алдыртпасқа?! Маған қазіргі таңда жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары маңызды да, қажет те емес. Оны кейін зерттеп үлгересіздер. Маған азаматым, бес баланың әкесі, отбасы қорғаны керек. Құрметті Президент, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сізден осы апатқа байланысты жұмыстарды ерекше жеке бақылауыңызға алуыңызды сұраймын", - дейді іздестіріліп жатқан құтқарушының әйелі.

Еске салайық, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданындағы "Майқайыңзолото" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды.

А. Жапатова