"Қабырғалар жарылып, үйіміз құлайын деп тұр". Алматы облысының тұрғындары жанайқайын жеткізді

"Қабырғалар жарылып, үйіміз құлайын деп тұр". Алматы облысының тұрғындары жанайқайын жеткізді
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Үйлердің қабырғасы сөгіліп, құлауға шақ тұр. Алматы облысында баспаналарының маңынан автокөлік көпірі салынған 4 үйдің тұрғындары шарасыздықтан не істерін білмей отыр. Бір жағынан теміржол өтсе, енді бір жағына көпір салынған үйлердің жалғыз шығар жолы да жекенің меншігінде екен. Бұқара осыдан 4 жыл бұрын "үйлерің сүріледі" деген хабар алғанымен, "жер қатынастары бөлімінен жағдайымызды сұрап келген жан баласы жоқ" дейді. Ал жергілікті әкімдік мәселеден тіпті бейхабар. Амалы таусылған ағайынның арызын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов 

Бұл аумақтағы жер учаскелері 2011 жылдары сатыла бастапты. Темір жолдың іргесіне шамамен 10 шақты үй қоныс тепкен. Алайда үйлерінің дәл іргесінен көпірдің құрылысы басталып, тұрғындардың үйі қызыл сызықтың үстінде қалып қойған. Құрылыс жұмыстарының кесірінен баспаналарының қабырғасы сөгіліп, іргетасы жарылыпты. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов 

"2012 жылы үй салып көшіп келдік. Ол кезде ешқандай қызыл сызық деген болмаған. Жол түседі деген кезде 2 үйді бұзды. Көпір құрылысы кезінде 35 метрден жерді тесті ғой. Сол кезде 4 үйдің қабырғалары жарылып бастады. Қазір құлауға шақ тұр. Біздің қазір газымыз жоқ. Көмір жағып отырмыз. Электр желісінің барлығын өзіміз ақша жинап тартып алдық. Газ жүргізейік деп әкімдікке барсақ "көпірдің құрылысы бітпей сіздерге газ жоқ" деп шығарып салады. Не сүрілетіні туралы ақпарат айтпайды. Сүрілмейтін болмаса газ бен жарықты жөндеп тартып берсін", - дейді Зәуреш Боранбаева.  

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ауыл тұрғыны Зәуреш Боранбаева. Жасы жетпіске таяған әже аяғының ауырғанына қарамастан көмір тасып, от жағатынын айтты. 

Фото: tengrinews

2019 жылы Шамалған ауылындағы Ақсеңгір өткелінде жолаушылар тасымалдайтын автобус теміржол үстінде көлік кептелісіне тұрып қалып, пойыз тоқтай алмай автобусқа келіп соқтығысқан болатын. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Осы оқиғадан кейін шенеуніктер дәл осы автокөлік көпірін салуға шешім қабылдаған еді. Алайда көпірдің түбіне салынған 6 үйдің екеуін сүріп, қалған төртеуін елеусіз қалдырыпты. Қызыл сызықтың үстінде орналасса да "бар жағдайды жасап береміз" деп құрғақ уәдемен қатырыпты. 

"2020 жылы сол кездегі аудан әкімі Жандарбек Далабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, "ҚазАвтоЖол" басшылары бәрі келіп жиын жасады. Мен жиында болдым. Сол кезде мына жерден көпір түсіп, екі үй сүріледі деді. Қалғандарың тұра беріңдер. Газ тартып, бар жағдайларыңды жасап береміз деді. Сол құрғақ уәдемен қалды. Кейін аумақтағы 12 үйге көпірмен бірге газ тартып береді деді. Алайда көпірдің құрылысының өзі 4 жылдан бері бітпей жатыр", - дейді Жексенбай Құттымұратұлы. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Ал жергілікті әкімдік үйлердің қызыл сызыққа енгендігі, 2020 жылы сүрілетіні жайлы құжаттың келгендігі жайлы мүлде бейхабар. Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Эльмира Тасырова қызметке келген бір жыл ішінде тұрғындар шағымын айтып келмеді деп отыр. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Эльмира Тасырова.

"Менің әкім болып сайланғаныма 1 жыл болды. Осы уақыт ішінде Алматы көшесінде тұратын тұрғындар үйлерін сүру туралы шағымын айтып келген жоқ. Тек 4 үйге газ жүргізуге көмектесіңіздер деген өтініш қалдырды. Осы өтініштің негізінде "Алматыгазсервис-Холдинг" АҚ-на хат жолдадық. Олар өздері келіп тексеріп, тиісті жұмыстар атқаратынын айтты. Ал мына мәселені бірінші рет естіп тұрмын", - дейді Эльмира Тасырова. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Алайда әкімдік өкілдері "қызыл аймаққа кірген үйлерге газ тартуға бола ма?" деген сұрағымызға жауап бере алмады. Ал амалы таусылған бұқара электр желісін өз қалталарынан қаржы шығарып тартыпты. 

Әкімдік қызметкерлерінің өзара әңгімесінде сенсек, былтыр жер қатынастары басқармасының мамандары үйлердің нарықтық бағасы есептеліп жатқанын айтыпты-мыс. Ал Қарасай ауданы әкімдігі үйлердің қашан сүрілетіні туралы нақты ақпарат айтпады. 

"Шамалған станциясын айналып өту жобасын іске асыру мақсатында Қарасай ауданының әкімдігі ҚР Жер кодексінің 84,85-бабына сәйкес 2020 жылғы 5 Ақпанда №20 қаулы қабылдады. Алматы облыстық филиалының "QazAvtoJol" акционерлік қоғамы ұсынған экспликацияға сәйкес 29 жер учаскесі иеліктен шығаруға жатады. Қазіргі уақытта барлық жер учаскелері сатып алынды", - делінген хабарламада.

Ал не инфрақұрылымсыз, не сүрілусіз қалған 4 үйдің тағдыры қалай болары белгісіз. Қызыл сызықты былай қойғанда басты көшеге қосылатын жалғыз жол жекенің меншігіне өтіп кеткен. Тұрғындардың сөзінше түрік азаматы жерді қоршап, бағандар орнатып қойыпты. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Бұқараның базынасын ескеріп бұл мәселені жергілікті жауаптылар назарға алуы тиіс. Ал 4 жылдан бері жауап күтіп сарыққан ағайын ақысын төлеп үйімізді сатып алсын, я болмаса жағдайымызды жасап берсін деп отыр. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов