- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жыныс мүшелерін салуға...
"Жыныс мүшелерін салуға болмайды, шариғи өлім болуы керек": өлген адамның денесін тірі адамға салуға бола ма?
Кеше денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәйіт доноры болуға дайын екенін айтты. Қазір бұл мәселе мемлекет деңгейінде талқыланып, пысықталып жатыр. Ал діндегі үкімі қандай? Massaget.kz тілшісі шолу жасап көрді.
- Дінде өлген адамның мүшесін тірі адамға салуға рұқсат беріле ме?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында кімде-кім Алланың құрметті әрі ардақты еткен адам баласын өлімнен құтқарылуына себепкер болса, оның сауабы мен артықшылығы есепсіз екені, бұл амал Құранда айтылғандай, барша адамды құтқарумен теңестірілетіні, оны жалғыз жаратушы білетіні жазылған.
Ғылымда бұл "трансплантация" терминімен аталады. Оның мәні адамның дене мүшелерін бір ағзадан келесі бір ағзаға салу, орналастыру дегенді білдіреді.
"Трансплантация жасау, яғни бір адамның (тірі болсын, мейлі өлі болсын - еск.) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алайда бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат. Трансплантация жасау да адам баласының жанын сақтап қалуға себеп болатын емдеу жолдарының бірі", - деп жазылған ҚМДБ үкімінде.
elements.envato.com
ҚМДБ мәліметінше, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады.
"Құран мен хадисте айтылғандай, өлген адам тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады. Әрі өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді. Сонымен бірге, тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Ислам шариғаты бойынша ананың жанын сақтап қалу жатырдағы баланы өлімнен құтқарудан жоғары тұрады деп бекітілген. Өйткені ананың жанын сақтап қалуға мүмкіндік бар, ал баланың тірі туылуы екіталай. Міне, ана өмірінің жатырдағы баладан жоғары тұруы да тірі адамның мүддесі үшін өлі адамның ағзасын тіріге ауыстыруына рұқсат екеніне дәлел және бұл әрекет өлген адамға зиян жасау немесе қорлау болып саналмайды", - деп жазылған ҚМДБ үкімінде.
- Қандай жағдайда рұқсат етілмейді?
"Донордың өзіне немесе өлгеннен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету шартымен, сауда-саттық, пайда табу секілді мақсаттар көзделетін болса, трансплантация жасауға рұқсат етілмейді", - деп жазылған мәліметте.
pixabay.com
- Өлген адамның ағза мүшелерін тірі адамға салудың шарттары қандай?
ҚМДБ деректерінде шариғат деңгейіндегі шарттар орындалмаса, өлген адамның денесін тірі адамға салу адам өлтіргенмен теңестірілетіні айтылады.
1) Шариғат көзқарасы жағынан ағза берушінің өлімі нақты болуы тиіс. Яғни, рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене-мүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана өлік болып есептеледі. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандары жазбаша түрде куәлік еткенде расталады. Бұл коммиссия мүшелері мемлекеттік деңгейде расталған мамандар болуы керек. Егер осы шарттар орындалмай, адамның ағза мүшелері тасымалданса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады.
2) Трансплантация жасау, шынымен де, зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амал жоғын әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты айтуға тиіс.
3) Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде, ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Өйткені трансплантация жасау адамды қорлауға алып бармауы керек. Яғни, өсиеті адамның денесі босап қалатындай көптеген ағза мүшесін қамтымауға тиіс.
4) Өліден тіріге көшіргелі жатқан ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт. Яғни, ұрпақ таратуға атсалысатын адам ағзалары болмауы қажет.
5) Мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы шарт және ағзаны көшіру ешбір материалдық қайтарымсыз жүзеге асуға тиіс.
©️ Tengrinews.kz
- Харам саналатын, күнә саналатын жағдайлар қандай?
ҚМДБ деректеріне сүйенсек, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: "өлген адамның сүйегін сындыру - тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең" (Ибн Мәжә риуаяты).
"Егер адамның мүшесін ауыстыру өлімге әкеп соқса, мысалы жүрек секілді (ағза болса - еск.), онда донар рұқсат берсе де, бермесе де харам болады. Өйткені оның берген рұқсаты өзін-өзі өлтіргенмен тең. Ал рұқсат етпесе, онда ешбір айыпсыз адамды өлтірген болады. Бұл екеуі де шариғатта бекітілгендей харам", - деп жазылған үкімде.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова