ШҚО-да қасқырдың малға шабуы жиілеген

ШҚО-да қасқырдың малға шабуы жиілеген
Фото: Жалын Мұратұлы

Зайсан ауданы тұрғындарының сөзінше, Сауыр тауынан түскен тағылар біртіндеп ауылдардың шетіне де келе бастаған. Көпшілік қасқырдың тебіндегі жылқыға ауыз салып, қазір қарасы молайғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жүз бастай жеген шығар"

Ит-құстың әккілігін саралап үлгерген Жалын Мұратұлы ахуалды білу үшін 10 күндей уақыт бұрын Сауырға арнайы барған. Мұздыбұлақ аталатын жерде үйір қасқыр ұлып, жота бойына жайғасқан. Кемі 15. Елдімекендердегі жағдай қалай екен деп ауылдық округ әкімдеріне де қоңырау шалдық. Бірі растаса, бірі "ит-құстан аманбыз" деді. Анығы сол, қасқыр саны былтырмен салыстырғанда кеміген жоқ.

"Сарытерек ауылы маңындағы Кендірлік өзенінің жоғары жағын алыпты. Біз жақта бір үйірде 20-ға жуық қасқыр болады. Малға шабу жағдайлары былтырмен салыстырғанда азаймады. Бірақ биыл ит-құс көп. Өткен жылы мал жиі қырылып, қандыауыздың қарны тойды. Зайсан көлемін алсақ, Жаңатұрмыс, Шүршітсу, Шілікті елдімекендері маңына жиі келеді", - деді Айнабұлақ ауылының тұрғыны Жалын Мұратұлы.

Фото: Жалын Мұратұлы  

Қаратал жұрты Сауыр етегінде аң-құс көп дегенімен, қасқыр қауіп төндіре қоймады деді. Сарытерек ауылы сөз етілген соң ауылдық округ әкімі Нұржан Сәкеновтың ойын білдік. Оның сөзінше, төңірек тыныш.

"Дәл Сарытерек ауылында ондай қауіп жоқ. Қораға кіріп, малға шабу фактілері де тіркелмеді. Бірен-саран жағдайлар болған шығар. Бірақ өршіп тұр деуге келмейді", - деді округ басшысы.

Желі қолданушылары Ұлттық парк аумағы мен Талды ауылының жанына да жиі жақындайтындарын алға тартты. Парк маңында қару ұстауға тыйым салынуы себепті, қыс айларында түз тағысы алаңсыз жортады.

"Осы уақытқа дейін қанша малға шапқанын тап басып айта алмаймын. Күз айларынан бастап бүгінге дейін 100 бастай жеген шығар. Сауыр тауын қанша үйір қасқыр мекен етіп жүргенін шамалауға болады. Айталық, Зайсан қаласы мен Жаңатұрмыс ауылының екі ортасында 17 қасқырды көрдім. Одан кейін көзіме іліккені 13. Әзірге екі үйір болды. Одан кейін сегіз қасқыр өз алдына жүрді", - деді Жалын Мұратұлы.

Фото: Жалын Мұратұлы  

Тоқтаусыз жортқан тоғыз үйір

Бұдан бөлек, тоғыз қасқыр, Сауырға көтеріле тағы алтауы бар дейді. Айнабұлақтың жоғары жағында екіден жортса, соның аумағында алтау мекендейді. Қызыл қия асуында төрт, сол шеңберде тағы үш ит-құс жүрген көрінеді. Жалын Мұратұлы Шілікті жақта да бар деп топшылайды. Бірақ соңғы уақыттары ол жаққа жолы түспеді. Өткен жылы бір күннің ішінде 20 қасқыр көргенін айтты. Одан бөлек, серіктерімен бірлесе, жуықта ғана құлындарды қырып жүрген арланды алды. Мұның алдында үш мәрте сытылып кеткен жануарды осы жолы тырп еткізбеді.

Сонымен, ірілі-ұсақты тоғыз үйір. Зайсандықтар қасқыр санын реттеу үшін оны атуға рұқсат беру керектігін жеткізді. Іске қосылған электронды лицензияны көп адам ала алмайтын сыңайлы.

"Қасқыр атсаң, "Неғып аттың? Қайдан аттың?" деп бірден полицей алып-ұшып жетеді. Былтыр қаладан келіп, ит-құс атуға көмектескен жігіттерге айыппұл салып, қимылдарын аңдыды. Қайта-қайта қоңырау шалып, сұрақтарын жаудырады. Жалпы, тағының ұйығатын уақыты - осы қаңтар айы", - деді аудан жұрты.

Фото: Жалын Мұратұлы  

Жалын Мұратұлы мысал еткен ауылдардың көбі Айнабұлақ ауылдық округіне қарайды. Жергілікті әкімдік ұлыманың мазалап жатқанын жасырған жоқ. Дегенмен "ақпаратты толықтырып жібереміз" деген олар нақты сандарды сөйлетпеді. Ұсынылған ақпараттары үстіртін. Анығы сол, Сарытерекпен салыстырғанда, бұл жақта аталған факті жиірек тіркеледі. Ауылдық округ әкімі Әділ Мұратбекұлы бір сөзінде, "қасқыр санын реттеу құзыретімізде емес, мұны облыс көлемінде қарастырған жөн" екенін айтты.

Асыл Бигелді

Тағы да оқи отырыңыздар: Қасым хан мемлекетті нығайту үшiн қандай шараларды жүзеге асырды? Қасым ханның сыртқы саясаты қандай болды?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz