Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2035 жылға қарай Қазақстан атом энергиясын пайдалануды жоспарлап отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, 2030 жылы елімізде энергия тапшылығы туындауы ықтимал.
"Бекітілген қуат теңгеріміне сәйкес 2030 жылға қарай резервтің қажетті деңгейі 17% болғанда, электр қуатының қажеттілігі 28,2 ГВт болады. Бұл ретте жаңа қуаттарды ескеріп, қолда бар қуат 22 ГВт деңгейінде болады. Біртұтас электр энергетикалық жүйедегі электр қуаты тапшылығының көлемі 6 ГВт-тан асады, оның ішінде шамамен 4 ГВт – жаңа қуаттар. Орталық Азия елдеріндегі теңгерімді талдау 2030 жылға қарай 2,7 ГВт көлемінде электр қуаты тапшылығын көрсетіп отыр", - деді министр Үкімет отырысында.
Алмасадам Сәтқалиев энергетика министрлігі энергия тапшылықты жабу, экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірленгенін атап өтті.
"Мұнда шамамен қосымша 26 ГВт жаңа қуаттарды енгізу қарастырылады. Бұл жоспар бұрын Президент жанындағы энергетикалық кеңес отырысына шығарылған. Кейін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескеріп пысықталды", - деді ол.
Сонымен қатар министр 2035 жылға қарай еліміз атом электр станциясынан қуат алуды жоспарлап отырғанын айтты.
"Электр энергетикасы саласын дамыту жоспарын сәтті іске асырсақ, 2035 жылға қарай отын түрлері бойынша белгіленген қуаттың құрылымы мынадай болады:
Жаңартылатын энергия көздері – 24,4%;
Гидроэлектр станциялары – 10,8%;
Газ – 25,8%;
Көмір – 34,3%;
Атом электр станциясы – 4,7%", - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Ведомство басшысы жаңартылатын, баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесі едәуір төмендейтінін атап өтті.
"Осылайша, 2035 жылға қарай жылына 44 млн тонна СО2 деңгейінде көміртекті офсетке қол жеткізу жоспарда бар", - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!