"Базардан сатып алсақ, 3 рет соғым алар едік". Ет бағасы қанша теңгеден болып жатыр?

"Базардан сатып алсақ, 3 рет соғым алар едік". Ет бағасы қанша теңгеден болып жатыр?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақты жиі қасқырға балап жатады. "Көк бөрінің ұрпағымыз", "қасқыр мінезді" деп бір телісе, одан бөлек әзіл аралас "қазақ етті қасқырдан кем жемейді" деген сөз де бар. Расында да, қазақтың етке деген "махаббаты" бөлек. Бүгінде ет бағасы кез келген отбасының бюджетіне айтарлықтай салмақ салатыны жасырын емес. Оның үстіне күз, қыс мезгілінде етке сұраныс көбейеді. Massaget.kz тілшісі өңірлерде ет бағасы қаншадан болып жатқанына шолу жасады.

  • Атырау облысы

Өңір тұрғыны ет бағасы 2000 теңгеден басталатынын айтады. Оның сөзінше, баға ауылдық жер мен қалада әртүрлі.

"Ауылдық жерлерде 2000 теңге, қалада 2400 теңгенің шамасында. 2400 теңге деген - түйе етінің, сиыр етінің бағасы. Өзіміз ай сайын ет алмаймыз. Тек қыста, күзде аламыз. Бірақ қыс басталарда алғаным бітіп қалып, тағы 50 мың теңгеге бір жілік ет сатып алдым", - дейді ол.

Атырау тұрғыны бір жылға етке айтарлықтай көп ақша кететінін жеткізді. Бұл туыс-туғанның сәлемдемен жіберетін етінен бөлек өздері сатып алатын етіне кететін қаржы екен.

"Бір жылға етке 300-400 мыңдай кетеді. Бұл адам санына байланысты. Бізде екі ересек адам, үш бала. Сатып алсақ, 400-500 мыңның еті ғой. Бізде ауылдардан туыстарымыз жіберген соң, өзіміз сатып алғанға 300-400 мыңдай кетеді. Кісі саны көп болса, одан да көп кететін болар", - деп түсіндірді ол.

  • Маңғыстау облысы 

Ақтау қаласының тұрғыны ет бағасы 2400 теңгеден басталатынын айтты.

"Ай сайын бір жіліктен алып тұрамыз. Көбіне жылқы етін аламыз. Негізі өтімдісі - сиыр еті. Ол 2500 теңгеден басталады", - дейді Ақтау тұрғыны.

Жаңаөзен тұрғынының сөзінше, қалада ет бағасы жиі өзгереді. Кейде 2600 теңге, кейде 2700-2800 теңге болады. 

"Сататын мал көп келіп тұрса, баға да түседі. Кейінгі бір алғанымда 2650 теңге болды. Ал жуырда бір жылқыны бөліп, етін алдық. Ол кезде келісі 2500 теңге болды. Бір жылға қанша кетінін нақты айта алмаймын, бірақ көп кетеді. Өйткені кеше алған жылқы еті тағы бітіп қалды. Кейінгі екі-үш айдың өзінде 50 мыңдап, 70 мыңдап бірнеше рет алдым", - дейді ол.

  • Батыс Қазақстан облысы

Орал тұрғыны қалада сиыр етінің бір келісі 2400-2600 теңге көлемінде екенін, тартылған ет 2800 теңге екенін, ал қазы 3000 теңгеден басталатынын айтады.

"Жылқы етінің келісі - 2800 теңге. Сиырдың бір аяғы 87-120 мың аралығында шығады. Бұл ет орташа алғанда 2 айға жетеді. Ал бір қойдың етін бір ай жейміз", - дейді ол.

Тағы бір Орал тұрғыны көбіне сиыр мен жылқы етін бөліп алатынын жеткізді.

"Бізде жылқы еті 2500 теңге, сиыр еті 2200 теңге, жая 3000-3500 теңгенің арасы. Кейде қой аламыз, енді бірде бір тай алып, екі отбасы бөліп аламыз. Кейде бір тананы екіге бөлеміз", - дейді ол.

    • Қызылорда облысы

    Қызылордалықтардың сөзінше, қалада сиыр етінің бағасы (бір келісі үшін - еск.) - 2200 теңге, жылқы етінің бағасы - 2500 теңге, қой етінің бағасы - 2500 теңге, қойдың құйрығы - 2800 теңге. 

    "Көпшілік мал сойылғанда бірден жілікпен алып қояды. Бұл жерде де келісіне осындай баға (бұған дейін айтылғандай - еск.). Әдетте сиыр еті өтімді. Ал жалпы үйінде адам көп, қариялары бар отбасылар көбірек ет алады. Өйткені қонақ, келім-кетім кісі көп. Ал бір отбасылар көп ет жемейді. Адам санына байланысты", - дейді облыс тұрғыны.

    © elements.envato.com

    • Түркістан облысы

    Түркістан облысында жылқы еті 2700 теңге екен.

    "Таза ет болса 3100 теңге тұрады. Жалпы ай сайын 40-50 келі аламыз. Бізде үйде 6 адам, бәрі адам санына байланысты", - дейді өңір тұрғыны.

    • Абай облысы

    Семейде жылқы етінің көтерме бағасы 2500 теңге екен, сиыр етінің көтерме бағасы 2300-2400 теңге, ал қой еті 2100-2200 теңге арасында. Қала тұрғынының сөзінше, бөлшек саудада бұл бағаға 200-300 теңге қосылады екен.

    Қала тұрғынының айтуынша, өздері мал өсірген соң етті базардан немесе басқа жерлерден сатып алмайды. Ол сырттан сатып алатын болса, 3 рет соғым алатындарын жеткізді.

    Massaget

    • Астана

    Астана тұрғыны қалада сиыр еті шамамен 2500 теңге көлемінде екенін жеткізді.

    elements.envato.com

    • Шымкент

    Ал Шымкент тұрғыны ет бағасы әртүрлі екенін айтады. Көбіне сиыр еті, жылқы еті, тауық еті, қой еті өтімді саналады екен.

    "Көбіне халық сиыр еті мен жылқы етін алады. Бұл еттің бағасы келісіне 2500 теңге мен 3000 теңге аралығында. Егер соғымға мал бағатындар жылқысын сойса, бірігіп алатындар да бар. Сол кезде келісі арзандау болады. Базарда қымбатырақ. 3000 мың теңгенің үстінде. Сондықтан бөлісіп алған тиімді. Біз екі айда 25 келідей алып отырамыз", - деді қала тұрғыны.

    Оның сөзінше, қонақ келгенде, сатып алған бір 25 келі етті түгел арнайды.

    "Қонақтарға деп көбіне жылқы етін, күнделікті деп сиыр етін аламыз. Шамамен келісі 2500 теңге. Ет таусылғанда құс етін аламыз. Кейде Құрбан айт, құран оқыту, той секілді кездерде 25 келі етің кетіп қалады. Себебі қонаққа асасың, сөйтіп, қайта ет аласың", - дейді ол.

    • Алматы

    Алматыдағы ет сататын дүкендердің парақшаларына шолу жасасақ, сиыр еті 2300-6400 теңге аралығында екенін байқауға болады. Ал қой еті 3200 теңгеден басталады екен. Қазы 5000 теңгеден басталады.

    Ет сататын дүкендердің бірінің парақшасынан

    Айта кетейік, былтыр ел шығысында соғымға арналған жас биелер 600 мыңнан басталды. Ал тұтас сиыр еті 200 мыңнан басталып, 400 мыңға жетті. Батыс Қазақстан облысында тұтас сиыр еті 200-300 мың аралығында болды. Ал Солтүстік Қазақстанда жылқы етінің бағасы тіпті 700 мыңға жетті.  

    Еске салайық, бұған дейін дәрігер еттің адам ағзасына әсері туралы айтты. 

    Тағы да оқи отырыңыздар: Кереге басына ілу деген қандай ырым?

    Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

    Ж. Қадыржанова