"Құлап бара жатып көзі аларып кетті". Шымкенттегі мектепте қайтыс болған оқушы жерленді

"Құлап бара жатып көзі аларып кетті". Шымкенттегі мектепте қайтыс болған оқушы жерленді
Фото: видеодан алынған кадр

Шымкенттегі №48 мектепте оқушы көз жұмды. 8-сыныпта оқитын Азамат Тұрдалы дене шынықтыру пәнінде есінен танып құлаған. Оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқушы бұрын-соңды денсаулығына шағым айтпаған екен, тіпті ешқандай тіркеуде де тұрмаған. Дене шынықтыру пәні басталғаннан кейін бес минут өткенде есінен танып құлап, жедел жәрдем көлігіне саламыз дегенше жан тапсырған.

Қайғылы жағдай болған кезде спортзалда 8-сыныптан бөлек, тағы 11-сыныпқа жаттығу болып жатқан. Қазір мектептің спортзалына мұғалімдер ырымдап күріш шашып, шеге қағып қойыпты.

Азаматтың денесі бүгін Шымкентте жерленді. Ал мектептегі өлімге қатысты тексеру басталғанымен, полиция департаменті ешқандай да ақпарат бермеген.

Көз алдында болған оқыс жағдайдан ұстаздары да есеңгіреп жүр.

"Менің көз алдымда құлады, құлап бара жатып көзі аларып кетті. Бастаңа ештеңе жоқ. Артында Жанболат деген сыныптасы тұрған. Жүгіріп барып сұрадым, дәрігер шақырыңдар дедім. Келді, олар өз әрекетін жасады. Мен аяғына массаж жасадым. Жүрегі ісіп кеткен дейді. Ағасы бізге сөйтіп айтты, кеше барып хабарын алдық қой, бұрыннан осындай ма еді деп...", - деді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлан Байсейітов.

Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі мектептің спортзалында оқушы қайтыс болғанын хабарлаған едік.

Оқиға 11 қаңтар күні №48 жалпы орта мектебінде 11.00-де дене шынықтыру сабағы кезінде болған. 2010 жылы туған 8 сынып оқушысы есінен танып құлаған. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан