“Алаяқтар құран ұстап ант бере береді”. Танысыңа несие алып беріп, кейін ол "лақтырып кетсе" не істеу керек?

“Алаяқтар құран ұстап ант бере береді”. Танысыңа несие алып беріп, кейін ол "лақтырып кетсе" не істеу керек?
Фото: pixabay.com

Елімізде досына  кредит алып беріп, кейін ала алмай жүрген жасөспірімдердің қарасы көбейді. Заңгер Бағдат Амандосұлы кредит алдыртатын азаматтардың көбі алаяқ, еш жерде жұмыс істемейтін адамдар болатынын, оларды алдын ала анықтау керегін айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жақын досым көлік сатып алуға ақша жетпей тұр деді. Менен қарызға ақша сұрады. Мен кредитке 200 мың теңгедей алып бердім. Кейін дос бала ақшасын төлемей мүлдем байланыссыз кетті. Қазіргі таңда кредитті өзім төлеп жүрмін". Елімізде осындай іспетті оқиғалар көп. Бұлай алданбас үшін не істеу керек? Нені ескеру керек?

"Ең бірінші банктен ақшаны кім алды, тек сол адам сұралады. Сіз алдыңыз ба, болды, сіз жауаптысыз. Банкті басқа ешкім қызықтырмайды. Алаяқ адам бірнеше рет адамның сеніміне кіреді. Алдымен, 10 мың теңге сұрайды, кейін 15 мың теңге жібере тұруыңды өтінеді. Басында бәрін уақытылы тез қайтарады, тіпті артығымен беретіндер де бар. Біраз уақыттан соң қомақты қаражат сұрағанда қалай қақпанға түскеніңізді білмей қаласыз", - деді маман.

 Қарызды қалай беру керек?

"Егер алушы тұлға анамның болмаса туысымның шотына жіберші" десе, бұл қауіпті белгі. Сұраған сомадан әлдеқайда төмен ақшаны беру керек. Солай қарыз алушы адамды бірнеше рет сенімді екенін тексерген жөн. Қашан қайтарады, нақты уақыты қашан соны нақтылау керек. Біздегі кемшілік қандай? Көбі полицияға келгенде қандай мақсатпен ақшаны бергенін білмей қалады. Міне, осы кезде дәлелдеу қиын әрі қарай да қиындық басталады", - дейді Амандосұлы.  

Кімге қарыз беріп жатырмын?

"Көпшілік азамат қарыз берерде бейжай қарайды. Біле бермейтін нәрселері де жетеді. Мәселен, сізден қарыз сұрап тұрған адамның қарызы бар ма, жоқ па соны біліп алуыңызға болады. Интернеттен борышкерлердің тізіміне кіріп, қарыз алушының ЖСН мен тегін тергенде оның есепшоты бұғатталған ба, жалпы банк алдында жағдайы қандай екенін білуге болады. Мұндай кезде қарыз алушы басқаға аударуды сұрайды. Сіз оның қарызды қайтаруға деген ниетін және қаржылық жағдайын назарда ұстаңыз", - деді ол.

Жақының "лақтырып кетті", алданып қалдың... Енді не істеу керек?

"Біріншіден, қарыз беруші алғашқы рет келісімге келгенде жазбаға, смартфонға, диктофонға бүкіл әңгімені жазып алуы керек. Әлеуметтік желідегі аудиожазбалар мен хаттардың көшірмесі керек болды. Қарыз беруші сөйлескенін, уәделерін және қолхатын алуға тиіс. Ақшаны алушыға берген кезден бастап әр байланысты үзбей жазған жөн. Неге дейсіз ғой?! Себебі, ертең саған қарызын төлемей қойған адамның қандай ниетте екенін полицияға дәлелдеуге тиссіз. Қарызды қайтармай жүрген адаммен аралаларыңыз бұзылады, сіз сол кезде полицияға жүгінесіз.

Үстідегі мысалды айтсақ, сіз дәлелмен полицияға жүгіндіңіз делік. Кейін қарызды қайтармай жүрген тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Тергеуші одан жауап алып, содан соң сотқа жібереді. Сотта жәбірленуші "жоқ мен кешірмеймін, мен осынша ақшамды талап етемін" десе, қарыз қайтармаған азамат(алаяқ) 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Яғни, 200 мың теңге үшін 2 жылға түрмеге кетеді. Мүліктерінің бәрі тәркіленеді. Ал егер ол ақшаны қайтарса, алайда беруші тарап кешірмесе, азамат 2 жылға бас бостандығы шектеледі", - деп түсіндірді заңгер.

 

Бұл мәселеде алаяқтар барын салып сендіруге тырысады дейді заңгер.

"Жәбірленуші сотқа материалдарды берген соң алушы "қарызыңды қайтарып беремін" деп жалынады. Кейін біздің жәбірленуші тарап кешіріммен қарап, татуласқанын айтады. Бұл кезде соңына дейін күресу керек. Әйтпесе, алаяқ бұл қылмысын қайталап жүре береді. Жалпы, қомақты соманы алып, қайтармайтын алаяқтар бүкіл нәрсемен ант етеді. "Ақшаңды қайтарамын" деп тіпті Құранның бетіне қолын қойып тұрып та ант етеді", - дейді Амандосұлы.

Жасұлан Ордабаев

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz