"18 жасына дейін 26 миллион". Шетелде балаларға қандай төлемдер қарастырылған?

"18 жасына дейін 26 миллион". Шетелде балаларға қандай төлемдер қарастырылған?
Фото: elements.envato.com

Massaget.kz тілшісі шет елдерде балаларға 18 жасқа дейін қандай жәрдемақы мен төлемдер қарастырылғанына шолу жасады. 

Польша баласы бар отбасыларға барынша қолдау көрсететін елдердің бірі. Бірақ елдегі жүйені түсіну қиын болғандықтан мемлекеттен жәрдем алуға тиіс адамдар ол жайлы білмей қалуы да мүмкін екен. 

Елде баласы бар отбасыларды қолдауға арналған Rodzina 500+ бағдарламасы кең тараған. Бұл бағдарлама елде 2016 жылдың 1 сәуірінен бастап жүзеге асып келе жатыр. Жәрдемақының көлемі - ай сайын 500 злот. Бұл шамамен 56 923 теңге. Бұл бала 18 жасқа толғанға дейін, отбасының табыс мөлшеріне қарамай берілетін көмек.   

Жәрдемақыны жергілікті азаматтар да, шетелдіктер де ала алады. Яғни бұл Еуропалық Одақтың, Еуропалық экономикалық аймақтың немесе Швейцарияның азаматтары, осы елдерде тұратын поляк азаматтарына қатысты. Қалған шетелдік азаматтар, егер олар балаларымен Польша аумағында тұрса және жұмысқа орналасу құқығымен тұруға рұқсат құжаты болса, бала күтімі бойынша жәрдемақы ала алады.

Көрнекі сурет: pexels.com

Польшада бұл жәрдемақыны алуға құжатты жыл сайын тапсыру керек. Ол әр жылы 1 маусымда беріле бастап, келесі жылы 31 мамырда тоқтайды. Сондықтан жәрдемақы алуға құжатты әр жыл сайын тапсырып тұру қажет болады. Ал бала жылдың ортасында өмірге келген ата-аналар кез келген айдан бастап жәрдемақы алуға құжат тапсырып, алуына болады. 

Елдегі жәрдемақыны баланың 18 жасына дейін есептесек, ай сайын 56 923 теңге алса, бір жылда 683 076 теңге, ал бала 18 жасқа толғанға дейін шотында 12 295 368 теңге болады. 

Германияда балаға берілетін жәрдемақы - әр отбасына берілетін ең маңызды төлемдердің бірі. Елде ол үшін Kindergeld атты бағдарлама бар. Жәрдемақының бұл түрі отбасының табыс көлеміне қарамастан беріледі. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әр балаға ай сайын 250 еуро беріледі. Бұл шамамен 123 958 теңге. Бала 18-ге толғанға дейін 26 774 928 теңге алады. 

Айта кетейік, Германиядағы жәрдемақының бұл түрін 21 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар да ала алады. 

Германияда жәрдемақының бұл түрін кім ала алады? 

  • Егер Германия азаматтығыңыз болса;
  • Еуроодан немесе Норвегия, Исландия, Швейцария немесе Лихтенштейн азаматтығыңыз болса; 
  • Германияда кемінде алты ай жұмыс істеуге рұқсатыңыз болса; 
  • Алжир, Босния, Косово, Марокко, Черногория, Сербия, Тунис, Түркия азаматтығыңыз болса және Германияда ресми түрде жұмыс істесеңіз. 

Ақша ата-ананың банк аккаунтына түсіп отырады. Айта кетейік, жәрдемақы әр балаға есептеледі. Ең басты талап - мемлекетке салық төлейтін азамат болу қажетсіз. 


Көрнекі сурет: depositphotos.com

Италияда L'Assegno unico атты төлемді 21 жасқа дейін, күтімдегі және мүгедек балалар алады. Бұл әйел адамның жүктілігінің 7 айлығынан бастап беріледі. 

200 еуро ақшалай көмекті баласы бар, Италияда тұратын кез келген отбасы ала алады. Көмек мөлшері ISEE сәйкес отбасының қаржылық жағдайына байланысты реттеледі (бұл Италияда тұратын адамдардың оларға қандай да бір жеңілдіктер беру үшін қаржылық жағдайының көрсеткіші). 

Қаржылай көмекті кім ала алады? 

  • ЕО-да тұруға рұқсаты бар адамдар; 
  • 6 айдан аса уақыт жұмыс істеуге рұқсаты барлар; 
  • ғылыми-зерттеу жұмысына байланысты 6 айдан аса уақыт жұмыс істеуге рұқсаты барлар; 
  • маусымдық немесе жалдамалы жұмысқа байланысты 6 айдан астам мерзімге тұруға рұқсаты барлар;
  • кәмелетке толмаған балаға күтім жасауына байланысты 6 айдан астам мерзімге тұруға рұқсаты барлар;
  • арнайы қорғауға байланысты 6 айдан астам мерзімге тұруға рұқсаты барлар ала алады.


Көрнекі сурет: pexels.com

Эстонияда көпбалалы отбасыларға жәрдем көбірек жасалады. Егер отбасында бір немесе екі бала болса ай сайын бала 19 жасқа толғанға дейін 80 еуро беріледі. Ал үшінші және одан кейінгі балаларға 100 еуродан беріледі. Яғни әр отбасы ай сайын кемінде бір балаға 39 600 теңгеден алады. 19 жасқа дейін бұл сома 9 028 800 теңге болады.   

Одан бөлек бала өмірге келгенде берілетін бір реттік жәрдемақы бар. Ол әр балаға 320 еуро. Егер үшем өмірге келсе әрқайсына 1000 еуродан 3000 еуро беріледі. Сонымен қатар, баланы ата-ананың біреуі ғана тәрбиелеп отырса, әкесі немесе анасы туралы ақпарат болмаса, ата-анасының біреуі іздеуде жүрсе жалғызбасты ата-анаға ай сайын 80 еуро (шамамен 39 600 теңге) беріледі.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина