Курс оқып алып, массаж жасап жатқандар сәбидің денсаулығына зиян тигізбей ме? Педиатр жауап берді

Курс оқып алып, массаж жасап жатқандар сәбидің денсаулығына зиян тигізбей ме? Педиатр жауап берді
Фото: depositphotos.com

Соңғы кезде балаға массаж жасайтындар көбейген. Екінің бірі табыс табу үшін әлеуметтік желі арқылы курс оқып, сүйегі енді ғана қатайып жатқан шақалаққа массаж жасайды. Бұл қаншалық дұрыс? Кәсіби білімі жетіспейтін мамандар бала денсаулығына зиян тигізбей ме? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне "Алтын алақан" массаж орталығының негізін қалаушы, 32 жылдық тәжірибесі бар педиатр Гүлмира Бекболқызы жауап берді.

Дәрігер қазіргі балалардың массажға тәуелділігінің басты себебін түсіндірді.

"Бұрын әйелдің көпшілігі 10 баладан туған, ол уақытта массаж деген түсінік болмаған. Біз бесікте жатып, 6 айдан кейін шымыр болып, домалап, қимылдап бастағанбыз. Себебі, ол кезде ата-аналар асты ошаққа дайындап жейтін, олардың қан айналымы, тәбеті жақсы, иммунитеті жоғары болды, қанша бала туса да бірде-бір рет дәрумен ішіп көрмеген. Аналарымыз қолмен кір жуып, көп қимылдайтын. Біз бала кезімізде көп қимылдап, сорпа мен етті көп жедік, соның арқасында сау болып өстік.

Ал қазір кішкентай бала өзі еңбектемейді, ересектер көтеріп жүреді. Бала жүрсін деп аяғына ерте тұрғызады, негізі бала өзі тұрмайынша, оны қинап жүргізуге тырыспау керек. Сондай-ақ, кішкентай балалардың жейтін тамағының сапасы төмен болғандықтан, иммунитеті төмен, қан айналымы нашар болады, дұрыс ұйықтамайды, мұның бәрі түрлі ауру туғызып, сүйектің дұрыс бітпей, массажға тәуелділікті тудырады", - деді маман.

Сонымен қатар, Гүлмира Бекболқызы баланың иммунитетінің төмен болуына анасының жүктілік кезіндегі жағдайы да әсер ететінін айтты.

"Сау анадан сау бала туады" демекші, қыз баласы тұрмыс құрмаған кезінен бастап, сақтану керек. Сау әйелде жүктілік кезінде токсикоз болмауы керек, ал қазіргі қыздар жүктіліктің 1-2 айынан бастап, токсикоздан тамақ іше алмай, дәрінің көмегімен жүреді. Әйел ғана емес, ер адам да, ерлі-зайыпты бірге балалы болу туралы ойлап бастаған кезде барлық талдауды тапсырып, дәрумен ішіп, ауру болса ем қабылдап, жүктілікті ақылмен жоспарлауы қажет", - деді педиатр.

Маманның айтуынша, адам ағзасында қан аздық болса, кез келген ауруды бірден қабылдайды. Егер болашақ ана жүктілік кезінде ағзадағы барлық жетіспеушіліктің орнын толтырса, бала 100 пайыз сау туып, 3 жасқа дейін ауырмайды.

"Кейде жасы 2-3 толған, бірақ тіпті секіре алмайтын балалар кездеседі. Себебі, олар сыртқа шығып ойнамайды, таза ауа жұтпайды. 

Сондай-ақ, қазір кез келген адамда созылмалы герпес бар. Аутизм, даун синдромы, церебральды сал ауруымен (ДЦП) ауыратын балалар санының көбеюінің де бірден бір себепшісі осы герпес", - дейді ол. 

Гүлмира Бекболқызы жаңа туған нәрестенің сарғаюы, гипертониялық ауруына шалдыққан перзентін әкелетін ата-ана саны көбейгенін жеткізді. Мұндай сәби не балаға массаж дұрыс жасалынбаса, ол церебральды сал ауруына айналады. 

"Әлеуметтік желіде тараған түрлі курсты оқып алып, массаж жасайтын адамдар баланың денсаулығына үлкен зиян тигізіп отыр. Мен өзім массаж үйретіп, курс оқытамын. Мен тек қана медициналық білімі бар адамды қабылдаймын, яғни, бұл салаға жаңадан келген емес, бірнеше жылдан бері жүрген адамды ғана қабылдаймын. Мұндай курсты медициналық білімі бар адам оқыған жағдайда, олардың білімі артып, дамиды", - дейді дәрігер.

Маман табыс тапқысы келетіндер үшін ересектер массажын үйренуге кеңес берді.

"Егер массаж жасап, табыс табамын десеңіз ересектер массажын үйреніңіз, балалар массажына жолаудың керегі жоқ. Өйткені, балалар массажы өте қиын. Балаға массаж жасау үшін ең алдымен оның медициналық талдау нәтижесін білу керек. Массаж жасайтын біліктілігі аз мамандардың кесірінен баланың денсаулығына зиян тиеді. Соңғы кезде 3, 5, 10 жастағы дисплазиямен келетін бала саны көбейген. Оны дер кезінде анықтамасаңыз, салдары ауыр", - деді Гүлмира Бекболқызы.

Педиатр ақшаның соңынан қуған адамдардың кішкентай баланың дұрыс даму жолында кедергі боп отырғанын түсінбейтінін айтады.

"Қарапайым халық массаж жасау білемін деген адамдардың сөзіне сеніп, баласын ем алуға апарады. Егер массаж дұрын жасалынбай, баланың ұршығы дер кезінде дамымай қалса, ауру өршіп, бой өспей қалады. 

Мұны адамдар түсінбейді, 10 күндік курсты оқып алады да, массаж жасайды, бұл іс-әрекетімен баланың денсаулығына зиян тигізіп отырғанын түсінбейді", - деп түсіндірді тәжірибелі маман.

Маманның сөзінше, баланың дұрыс жетілмеуі тікелей ата-анасының жауапкершілігі.

"Мұндай курстардың пайдасы жоқ деп ойлаймын, баланың ауруын анықтап, емін табу үшін тек тәжірибелі, білікті маманға бару керек. Сауатсыз ана саны да көбейген, бала кішкене ауырып қалса, емханаға апарудың орнына, дәріханаға барып түрлі антибиотик алып, ауырсынуды басатын дәрінің көмегімен жазамын деп ойлайды, бұл дұрыс емес", - деп қорытындылады "Алтын алақан" массаж орталығының негізін қалаушы.

Айта кетейік, бұған дейін сәбиге неше айдан бастап массаж жасау керегі хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Холестеринді қалай түсіруге болады?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә