"Шаштан тартып, ақша талап еткен". Оралда ер адам сатушыны кірпішпен ұрып, тонап кеткен

"Шаштан тартып, ақша талап еткен". Оралда ер адам сатушыны кірпішпен ұрып, тонап кеткен
Фото: БҚО ПД Баспасөз қызметі

Оралда ер адам сатушыны кірпішпен ұрып, 20 мың теңге алып кеткен , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі БҚО ПД Баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Орал полицейлері дүкенді тонаған күдіктіні ұстады. Орал қалалық полиция басқармасының қызметкерлері "ізін суытпай" тонауға барған қылмыскерді анықтап, қолға түсірді. Ол Оралдағы Завокзальный көшесінің бойындағы шағын азық-түлік дүкеніне кіріп келіп, сатушыны ұрып, 20 мың теңге көлеміндегі ақшаны тонап кеткен.

"Бәрі қас қағым сәтте болды", - дейді дүкеннің сатушысы.

Ер адам кешке таман дүкенге кіріп, қажетті азық-түлігін сұрай бастайды. Сұрағанын әкеліп, азық-түлік салатын дорбаның қажет екенін білген сатушы әйел төменге еңкейе бергенде, әлгі жігіт желкесінен кірпіш тастың бөлігімен соққы жасайды. Әйел адам соққыдан алдымен сөреге, кейін жерге құлайды. Әйелдің әлсіздігін пайдаланған тонаушы оның шашынан тартып, одан ақша талап етеді. Ер адам кассадағы 20 мың теңгені қолды қылған. 

Оқиға орнына келіп жеткен полиция қызметкерлері бейнебақылау камерасының көмегімен "болған оқиғаның ізін суытпай" қылмысқа барған күдіктіні анықтап, қолға түсірді.

Күдікті Орал қаласының бұрын бірнеше рет сотты болған тұрғыны екені анықталып, қамауға алынды. Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Тонау" бабымен, соталды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек