Енді тек қолма-қол ақшамен сауда жасаймыз ба? Маңызды сұрақтардың жауабы

Енді тек қолма-қол ақшамен сауда жасаймыз ба? Маңызды сұрақтардың жауабы
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасы өкілдері елдегі мобильді аударымдарға қатысты болатын өзгерістерді түсіндірді. Massaget.kz тілшісі маңызды сұрақтардың жауабына шолу жасады.

Мобильді аударым мен мобильді төлемнің айырмашылығы неде?

Айта кетейік, мобильді аударым деген - жеке тұлғаларға қатысты аударымдар. Яғни ол сіздің жақыныңызға, анаңызға, әкеңізге, бауырыңызға немесе басқа да таныстарыңызға жеке мақсатта жіберген ақшаңыз. Ал мобильді төлем - кәсіпкерлерге қатысты. Яғни QR арқылы, терминал арқылы немесе карта арқылы төлеп, сауда жасау. 

Әр үш ай сайын 100 адамнан аударым жүргізілсе банк Мемлекеттік кірістер комитетіне ақпарат беретін болады. Сосын талдау жасады. Яғни аударымдар кәсіпкерлікке қатысты болды ма немесе жеке аударымдар болғанына тексеріс жүргізіледі. Егер жеке тұлғаға қатысты аударымдар болса, жеке тұлғаға хабарлама жіберіледі. Артынша ол аударымдар жақындарынан түскенін дәлелдеуі қажет. Яғни ол кәсіпкерлікке қатысты болмаса артық сұрақ болмайды. 


Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сәриев

Декларацияның үш кезеңінде декларацияны кім тапсырды? 

Жалпыға бірдей декларациялаудың 1-кезеңінде декларацияны мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары тапсырды. Алматы қаласы бойынша декларация тапсырғандар саны 46 мыңнан асқан.

2-ші кезең 2023 жылы басталып, Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары кірді және декларацияны 142 мыңнан астам адам тапсырды.

Ал осы жылдан бастап 2024 жылдың 1 қаңтарынан жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталады, яғни бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті болады. Бұл міндеттеме "әрекетсіз" немесе қызметін уақытша тоқтатып қойған жеке тұлғаларға да қатысты болады. Алматы қаласы бойынша 3-кезеңде 430 мыңнан астам жеке тұлға декларациялану қажет.


Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Осыған байланысты 2023 жылы 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Мемлекеттік кірістер комитетіне үш ай қатарынан жеке банктік шоттарына әр түрлі 100 тұлғадан түскен аударымдар туралы ақпарат келіп түскен. Банктер тек белгіленген критерийлерге сәйкес келетін тұлғалардың деректерін береді.

Қазіргі уақытта тек мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларының 2022 жылғы ақпараттары ғана бар. Банктерден ақпарат тек белгіленген критерийлер бойынша кезең-кезеңімен беріледі:

  1. 2023 жылдан бастап – 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары бойынша;
  2. 2024 жылдан бастап – 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша;
  3. 2025 жылдан бастап – 2024 жылдың қорытындысы бойынша дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша;
  4. 2026 жылдан бастап – 2025 жылдың қорытындысы бойынша халықтың қалған санаттары бойынша.

Бұл жерде қайталап айта кететін жайт, жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін, яғни  туыстарына, достарына, ата-аналар мен балаларға көмек және басқа да өмірлік жағдайлар үшін мобильді аударымдарды жасап, қабылдай алады. Және де, мұндай аударымдар бір реттік болғандықтан, оны декларациялаудың қажеті жоқ.

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Енді кәсіпкерлерге мобильді аударым жасауға тыйым салына ма?

Жеке тұлға қандай да бір сауда жасаған кезде мобильді аударым емес, мобильді төлем жасағаны абзал. Яғни ақшаны QR, терминал немесе кәсіпкердің арнайы бизнес шотына аударуына болады. 

Ал кәсіпкерлерге қатысты критерий - жеке тұлғаның жеке банк шотына қатарынан үш ай iшiнде 100 және одан да көп әр түрлi жеке тұлғалардан ақшалай қаражаттың түсуi. Осы жағдайда кәсіпкерлерге тексеріс жүргізіледі. 

Бұл шаралар жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді, әсіресе, жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы төлем алатындарды анықтауға бағытталған. Сондықтан кәсіпкерлер төлемдерді жеке картасына емес, арнайы бизнес шоттарына қабылдауы керек.

Бақылау шараларына жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеу және кірістер бойынша толық есеп беруді бақылауға алынып отыр. Жалпы, камералдық бақылау салық төлеушілерге заң бұзушылықтарын өз бетінше жою мүмкіндігін беруге бағытталған. Осыған байланысты заң бұзылса кәсіпкерге хабарлама жіберіледі.

Салық төлеуші ​​бұзушылықтармен келісетін болса, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек немесе табыстың декларацияланбаған сомасын қосымша декларацияға көрсетіп ұсыну тиіс (бұзушылық түріне қарай).

Ал егер салық төлеуші ​​бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ол бұзушылықтардың жоқтығы туралы түсініктеме жазып және оны растайтын құжаттарды беруге құқылы.

Хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады, оның барысында банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар/жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады.


Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жеке кәсіпкер тіркелмей, аударымның бәрін жеке шотына қабылдап жүрсе қалай жазаланады? 

Жеке кәсіпкерді тіркеусіз қызмет жасағаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200 пайыз мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда 300 пайыз айыппұл салынады. Чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

Алайда бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін естеріңізге саламыз. Жоғарыда айтылғандай, бақылау шаралары тіркеусіз жұмыс істейтін немесе кірісін жасыратын кәсіпкерлерге ғана әсер етеді.

Оқи отырыңыз: Такси жүргізушілерінің мобильді аударымдары тексеріле ме? Кірістер комитеті жауап берді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина