- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына...
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына тағы бір айып тағылды
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына тағы бір айып тағылды. Бұрынғы шенеунік тағы да сотталушылар орындығында, елордада сот отырыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтері бойынша Мұхамедиұлы Ұлттық цифрлық киноколлекция және басқа да жобаларға жұмсалған қаражыны жымқыру әрекетін ұйымдастырған. Сондай-ақ, оған республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін жекешелендірді деген айып тағылды. Залалдың жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден асады.
"2017 жылдың басында Мұхамедиұлы мәдениет және спорт министрі деген жауапты мемлекеттік лауазымды атқара отырып, қызмет жағдайын пайдакүнемдік мақсатта пайдаланды және мемлекеттік аппаратта байланыстары болып, "Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақтың мәдени мұрасын сақтау, зерделеу және дәріптеу, мұрағат ісін іске асыруды дамыту" бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаражатты адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы жымқыру әрекетін ұйымдастырды", - деді прокурор Олжас Хайроллаев.
Айта кетейік, бұрынғы министр Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 249-бабы 1-бөлігі (рейдерлік әрекетке оқталу), 28-бабы 3-бөлігі, 250-бабы 1-бөлігі бойынша айыпталып отыр. Осылайша экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Еске салайық, бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта "аштық жариялаймын" деп сес көрсеткені хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова