"Кеттің бе - қайы­рыл­ма!" Тоқаев қосарланған билік жүйесі туралы

"Кеттің бе - қайы­рыл­ма!" Тоқаев қосарланған билік жүйесі туралы
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстанда қосарланған билік жүйесі қалыптасқан" деген сөзге пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты. 

– Келесі сұрақ сізге ұнамауы мүмкін. Бірақ бұл сауалды қой­мас­қа тағы болмайды. Сіз 2019 жылы Президент лауазымына сайланғаннан кейін елімізде қосар­ланған билік жүйесі қалыптасты-мыс деген сөз тарады. Кейбіреулер біздің саяси жүйемізді Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстырды. Шынымен де, сол кезде елімізде екі билік орталығы орнағандай көрінді. Расымен солай болды ма?

– Төтесінен қойған сұрағыңызға тура жауап берейін. Конституцияға сәйкес, Президент еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларын, Қарулы Күш­теріміздің жоғары басшылығын тағайын­дайды және оларды қызметі­нен босатады. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы еліміздің Жоғарғы Бас Қол­бас­шысы саналады.

Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. "Билік транзиті" кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.

Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. "Кеттің бе - қайы­рыл­ма!" Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс.

Өкінішке қарай, ішкі саяси дағ­дарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды.

Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екені Қаңтар оқиғасынан айқын көрінді. Біз бір ел болып, бұл дағдарысты ең­­сер­дік, қиындыққа қасқая қарсы тұрып, одан тіпті шыңдалып шық­тық. Азаматтарымыздың бекем бірлі­гінің және барлық деңгейдегі билік өкілдерінің батыл іс-әрекеті­нің ар­қасында алапат апаттың бетін қай­тарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алдық. Кейін кейбір қаскөйлер тергеу кезінде халық жауапты сәтте жұды­рықтай жұмыла біледі, билік қандай қатерге де қаймықпай төтеп бере алады деп еш күтпегенін мойындады.

Еске салайық, бұған дейін де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи ролін айтқан еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова