Атырауда газ баллоны жарылды: зардап шеккендер бар

Атырауда газ баллоны жарылды: зардап шеккендер бар
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырауда тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылып, өртке ұласқан. Өрттен 5 адамды күйік шалып, бәрі ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап.

"Жергілікті уақытпен сағат 11:10-да Call орталығына Атырау қаласының Көкарна ауылында тұрғын үйден түтін шығып жатқаны туралы қоңырау түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына келген кезде газ-ауа қоспасының дүмпуі болғаны анықталды. Дүмпудің салдарынан тұрғын үйдің 9 шаршы метр қабырғасы құлап, 140 шаршы метр алаңы жанып кетті", - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Тұрғын үйдегі өрт сағат 12:03-те оқшауланды. Сағат 12:22-де өрт толық сөндірілді.

"Өрттің салдарынан 5 адамды күйік шалды. Зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды", - делінген хабарламада.

Өртті сөндіруге Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 16 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы