"Әр қазаққа бауыр екенімді түсіндім". Бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы жантебірентер жазба жариялады

"Әр қазаққа бауыр екенімді түсіндім".  Бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы жантебірентер жазба жариялады
Фото: Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде бельгиялық отбасы асырап алған 21 жастағы Эдди Жан Қазақстандағы туған ата-анасын іздейтіні туралы ақпарат тараған еді. Оған дүниеге келгенде Жәнібек деген есім де берілген екен. Эдди Жан жантебірентер жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

"Құрметті қазақстандықтар! Өздеріңіздей қонақжай, мейірімді халықпен танысуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін және қолдау танытқандарыңыз үшін мың алғыс! Мен Қазақстанның әр ұлына, қызына, анасына, әкесіне тәнтімін және ризамын!

Достар, менің визамның уақыты аяқталды, туған жерден кетуім керек, бірақ мен жақында ораламын. Мен туған анамды іздеу жұмысын тоқтатпаймын. Кеше Қазақ радиосының "Бармысың, бауырым?" хабарының редакциясына менің атымнан сот отырысына қатысуға, маған қатысты кез келген мәліметке қол жеткізуге, менің атымнан арыз, өтініш, шағым жазуға заң бойынша толық рұқсат бердім.

Қазақстанға келгелі қаншалықты эмоционалды күйде болғанымды көрдіңіздер, мен үшін тым ауыр күндер болды. Нәтижесінде мен өзіме біраз уақыт бөлуді жөн көрдім, сондықтан Испанияға бірден қайтпаймын, бірер күн Таиландта боламын. Ойымды жинақтап, демалып алғым келеді.

Әзірге көп мәліметті аша алмаймын, бірақ бұл оқиға мен күткеннен де қиын сияқты...
Қазақ радиосының "Бармысың, бауырым?" хабары арқылы 2002 жылғы қаңтарда Арқалық қаласының перзентханасына ұлын тастап, қолхат жазып кеткен, архивтік ресми құжаттар негізінде менің туған анам болып саналатын әйел табылды. Ол әйелге қазір редакция екінші рет ДНҚ сараптамасын жасап жатыр. Алда көп жаңалық болады деп сенемін.

Қазақстаным, рахмет саған, туған ел! Ең бастысы, мен бұл сапарымда туған жерімді таптым, туған еліммен қауыштым, әр қазаққа бала, бауыр екенімді түсіндім. Бәріңізді жақсы көремін", - деп жазған ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Murat Saveliev (@muratsaveliev)

Еске салайық, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейтіні хабарланды. Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек