- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Гастроэнтеролог жаңажылдық салаттарды...
Гастроэнтеролог жаңажылдық салаттарды тоңазытқыштың есігінде сақтау неліктен қауіпті екенін түсіндірді
Жаңажылдық дастарханда міндетті түрде салат болатыны сөзсіз. Дегенмен үй жағдайында салат дайындау, кейде қиындық тудырып, денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ал құрамына майонез қосылған салаттардан тіпті уланып қалу ықтималдылығы жоғары. Гастроэнтеролог Анастасия Чижикова салаттан уланып қалмас үшін неге мән беру керегін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "mail.ru-ға" сілтеме жасап.
Тақтайға аса мән беріңіз
Көп жағдайда бактерия тақтай арқылы таралады. Мысалы сиыр, балық және тауық етін тураған кезде тақтай бетінде көптеген микроб қалып, кейін салат турағанда жұғуы мүмкін. Сондықтан, мұның алдын алу үшін жаңажылдық дастарханға тағам әзірлегенде керек-жарақты мұқият тазалау керек.
Сонымен қатар, мүмкіндігінше шикі және дайын тағамдарға бөлек тақтай арнаған жөн. Бұл кросс-ластану деп аталатын айқаспалы инфекцияның алдын алуға көмектеседі.
Майонез салаттың жарамдылық мерзімін қысқартады
Тоңазытқышта шикі сиыр және тауық етін, балықты дайын тағамдардан бөлек сақтаған жөн. Тамақ пісіру алдында шикі етті жуудың орнына, олардың құрамындағы патогенді микроағзаны толық өлтіру үшін ұзағырақ пісірген абзал.
Тұздық қосылмаған дайын салаттарды тоңазытқышта +2-ден + 6 градусқа дейінгі температурада сақтау керек.
"Сақтау үшін шыны немесе тағамдық пластиктен жасалған жабық контейнерлерді пайдаланыңыз. Ал салат салынған контейнерді есіктен алысырақ, сөреге қою керек, өйткені есік жақта әдетте температура жоғары болады", - деді ол.
Тұздық салаттың жарамдылық мерзімін айтарлықтай азайтатынын есте ұстаған жөн. Сонымен, егер салатқа майонез, қаймақ, айран, кілегей секілді кез келген сүт өнімдері қосылса, оның сақтау мерзімі 6 сағатқа, өсімдік майы қосылса, 12 сағатқа дейін қысқарады.
Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен салаттан уланып қалғаныңызды қалай түсінуге болады?
Салатты таңазытқышта сақтаған кезде, оның құрамында бактерия мен токсиндер түзіледі. Салат 2-3 күн бойы сақталса, уланып қалуыңыз әбден мүмкін. Ағзаға бактериялық токсин енсе, жүрек айнып, диарея пайда болып, салдары асқазан-ішек жолының ауруларына әкеп соқтыруы ықтимал.
Уланудың салдарын үй жағдайында қалай басуға болады?
Құсу, диарея секілді уланып қалғаныңыздың белгілерін байқаған кезде, алғашқы көмек ретінде су-тұз балансын қалпына келтіру үшін электролит ерітінділерін ішуге рұқсат етілген. Бұл ағзада жоғалған сұйықтық пен минералдардың орнын толықтыруға көмектеседі.
Ал ауру асқынып, күшейе түссе бірден дәрігер кеңесін алу қажет.
Айта кетейік, бұған дейін бала тамақтан уланған кезде қандай алғашқы көмек көрсету керегі хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Моғолстан ханы Есенбұға неліктен Керей мен Жәнібекті қабылдап, оларға жер берді?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә