Қостанайға ұшып шыққан Qazaq air әуе компаниясының ұшағы Астанаға оралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әуе компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 28 желтоқсанда Астана-Қостанай бағыты бойынша IQ367 рейсі жоспар бойынша Астанадан сағат 15:25-те ұшуға тиіс еді. Техникалық ақауларға байланысты жоспарланған рейс 4 сағат 35 минутқа кешіктірілді.
"Бұдан әрі сағат 20:12-де мұз қатып қалудың алдын алатын сұйықтықпен өңдеу шарасы өткізілді. Ол аяқталғаннан кейін ұшақ Қостанайға сағат 20:27-де ұшты. Алайда техникалық себептерге байланысты ұшақ ұшу әуежайына оралды. Техникалық қызмет көрсету базасының Астанада орналасуы себепті экипаж бортты қайтару туралы шешімді қабылдады", - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Ұшақ қазір техникалық тексеруден өтіп жатыр. Енді осы рейс 29 желтоқсанда сағат 00:40-қа (әуе компанияның басқа ұшағымен) жоспарланып отыр.
"Аталған рейстің жолаушыларына Жолаушыларды тасымалдау ережелеріне сәйкес сергітетін сусындар, тамақ, тегін қайта брондау немесе билеттерді 100 пайыз қайтару ұсынылды. Qazaq air жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Қауіпсіздік – әуе компанияның басты басымдығы екенін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!