"Түрімнен ұяламын". Денесін түк басқан жігіт жанайқайын жеткізді

"Түрімнен ұяламын". Денесін түк басқан жігіт жанайқайын жеткізді
Фото: "Астарлы ақиқат" бағдарламасынан алынған кадр

Маңғыстау облысындағы денесін түк басқан жігіт осыдан 9 жыл бұрын телеарналарға сұхбат беріп, жанайқайын жеткізген еді. Бүгінде ол 20 жасқа келген. Алайда аурудың нақты аты табылмай, асқынған көрінеді. Бұл жағдай "Астарлы ақиқат" бағдараламасында көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

9 жыл бұрынғы сұхбатында Бекзат "басқалар сияқты болғым келеді, жазылып кеткім келеді" деген екен. Жігіттің әкесінің айтуынша, Бекзаттың жасөспірім шағында бетіне безеулер шыққан, кейін ол ісіне түскен. Сол кезде ауруханаға жатып шықса да, жаралары кетпей, асқынған. Бүгінде ол маңдайын кекілмен жауып, мұрнына дейін қара бетперде тағып, жұрттан жасырынып жүруге мәжбүр болған. 

Ал туыстарының сөзінше, Бекзат өзінің ерекшелігін кішкентайынан жек көрген. Қатарластарының келемеждегені оның психологиясына да қатты әсер еткен.

"Тек кешке қарай шығамын (далаға - еск.). Күн батқан уақытта бетперде киіп, көшені айналып (шығамын - еск.), күндіз шықпаймын. Қоғамнан шеттетіліп қалдым десем де болады. Жұмыс істейін десең ол жерде адамдар болады. Сөйлесесің, біреу түсінікпен қарайды. Өз түрімнен сөйлесуге ұяламын. Туғаннан да түкті болып, мектепте де балалар мазақтады ғой. Бәріне шыдап келдім", - дейді жігіттің өзі.

Бағдарлама барысында "Астарлы ақиқат" редакциясы Бекзатты арнайы мамандарға тексерткені айтылды. Сондай-ақ, бұл денсаулығына қауіп төндіретін, қорқынышты кесел емес екені де белгілі болды. Бағдарлама нәтижесінде арнайы келген медицина мамандары Бекзатты емдеуге көмектесетіндерін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова