"Топырақ жинайды" деп далаға тастадық". Қолөнерші жастарға киіздің қасиетін дәріптеп жүр

"Топырақ жинайды" деп далаға тастадық". Қолөнерші жастарға киіздің қасиетін дәріптеп жүр
Фото: Massaget.kz

Қызылордалық Айдана Әлайдарова ұмытылып бара жатқан қолөнерді дәріптеп жүр. Киіз басуды бала күнінде үйренген кейіпкеріміз бұл үрдісті әлі күнге үзген емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айдана Әлайдарова - педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі. Киіз басудың дәстүрлі және заманауи технологиясын ұштастырып, креативті декоративті бұйымдар дайындайды. Дайындап қана қоймай, оның қыр-сырын Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет студенттеріне жеткізуге күш салып келеді.

"Барлық бұйымды тек қойдың жүнінен жасаймын. Киім, панно үшін Алматы, Тараздан зауыттан меринос қойының жүнін алдырамын. Жергілікті қойдың жүні текемет басуға, байпақ жасауға таптырмайды", - деді қолөнерші.

Киіз басуды кейіпкеріміз ауылда әжесінен, анасынан үйренген.

"Кезінде барлық үйде киіз төселетін. 30 жылдай болды, "топырақ жинайды" деп оны далаға тастадық. Орнын синтетикалық текемет басқалы небір ауру пайда болды. Екінің бірі аллергия, тізесі сырқырайды. Киіздің шаңды жұтып алатын, ауаны тазалайтын қасиетін барын кейін білдік. Жылы, адам денесіне жұмсақ, қысы-жазы пайдалануға болады. Йодтың шамасы жетпей, киізді өртеп, жарақатқа басып қан тоқтатқанды көргенмін", - деді Айдана Әлайдарова.

Қолөнерші ерінбеген адам мұны кәсіпке айналдырса, әжептәуір табыс таба алатынын жеткізді.

"Сұраныс жақсы. Үлкен текеметтерді жоғары деңгейде жасаса, 50-100-150 мың теңгеге дейін сатуға болады. Баға жұмыстың күрделілігіне, бұйымның көлеміне байланысты белгіленеді", - деді ол.

  Назерке Саниязова

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә