Арқалық қаласының тұрғыны Ержан Құдабаев шопандардың ауылын аралап жүретін автомонша жасап алып, елден алыс орналасқан малшы ауылдардың қажетін өтеп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі egemen.kz-ке сілтеме жасап.
Ол кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына қатысып, 1 миллион 380 мың теңгенің грантын ұтып алған. Ержан Берікұлы мемлекеттен алған қаржыға күтімі жақсы көне автобус сатып алып, оны төрт адамдық моншаға айналдырған. Жылжымалы монша барынша қауіпсіз әрі жуынуға да ыңғайлы.
"Бұл көптен ойымда жүрген іс еді. Міне, енді соның сәті түсіп, мемлекеттік бағдарламаның көмегімен жеке кәсібімді бастадым. Қайтарымсыз қаржыға автобус, 220 вольттық электр қуатын беретін қозғалтқыш, пеш тәрізді қажет дүниелерді сатып алдым. Автобустың ішін жылу ұстағыш материалмен қаптадым. Нәтижесінде моншам қақаған аязды күндері де қайнап тұратын болды. Қызметім қымбат емес, қалтаға күш түсірмейді, тұтынушыларым да дән риза. Осы кәсібімді бастауыма сеп болған үкіметімізге зор ризашылығымды білдіремін. Кейде балықшылар, табиғат аясында демалып жатқандар, қашықта тұратын шаруалар, пішеншілер мен малшылар, кейде шалғайдағы шағын ауылдар шақырады. Шақырған жерде су болса болды, арнайы сорғышпен су сорып, моншаның бөшкесін толытырып аламын. Көп ұзамай монша да дайын болады", - дейді кәсіпкер.
Автомоншаның шай ішіп демалуға арналған жеке бөлмесі, бу бөлмесі, душы, тоңазытқышы бар. Тіпті қайың сыпырғыш, буханаға киетін баскиім, қолғап, тәпішке секілді моншаға түсуге қажет дүниелер де табылады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!