Қазақстанда жаңа жылдық мерекелерде қалай ақша табуға болады?

Қазақстанда жаңа жылдық мерекелерде қалай ақша табуға болады?
Фото: tengritravel.kz

Жаңа жылда тек демалып қоймай, қосымша табыс табуға да болады. Жаңа жылда қандай қызмет өтімді? Massaget.kz тілшісі зерттеп көрді. 

Аниматор болу

Қазақстандықтар жаңа жылда балаларға көп көңіл бөледі. Жаңа жылдық шыршаны айналып, аяз-ата мен ақшақардан сыйлық алып, отшашу ату балалардың жыл сайынғы арманы. Тіпті кейбір ата-аналар ертегі кейіпкерлерін үйлеріне шақырып жатады. Бұл кезде аниматор болып ақша табу ең тиімді жол. Алайда бұл салада бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан бұл бизнесті жүзеге асыру үшін алдын ала дайындалу керек. Әдемі костюмдер сатып алып, сапалы фото, видео түсіріп жарнамасын жаңғыртыңыз. Белсенділік танытып әртүрлі компанияларға өз қызметіңізді ұсыныңыз. 

Фото: tengrinews.kz

Такси жүргізушісі болу немесе жалдамалы жүргізуші

Бұл мерекеде адамдардың барыс-келісі көбейеді. Түрлі корпоративтер, алыс-жақын ағайынның бір үйде жиналуы, отбасымен орталық шыршаға барып суретке түсу секілді қыдырыстар көбейеді. Ал бұл адамдардың бәріне такси керек. Сондай-ақ көптеген адамдар мереке күндері рөлге отырудан бас тартады. Оларға корпаративтен, іс-шаралардан шыққанда жалдамалы жүргізушілер керек. Қазіргі уақытта такси жүргізушілері мен жалдамалы жүргізушілердің қызметіне сұраныс едәуір артып келеді. Демек жаңа жылды рөлде қарсы алуға дайын кәсіпкер азаматтарға жақсы ақша табуға зор мүмкіндік. Өйткені мұндай күндері тасымалдаушылардың қызметтеріне тарифтер айтарлықтай жоғарылайды.

Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазангапов

Жеткізу қызметі (курьер)

Адамдар жеткізу қызметінде жыл бойын жұмыс істей алады. Өйткені қазір барлығы тапсырыс беруге дағдыланған. Ал мереке күндері бұл жұмыс қайнай түседі. Алайда бұл қызметтің өз кемшіліктері де жоқ емес. Ауа-райының қолайсыз уақыттарында жұмыс істеуге тура келеді. Оған қоса қаланың ішін жақсы білу маңызды. 

Фото: Алихан Сариев/архив Tengrinews.kz

Тапсырыс жинаушы

Бұл қызмет жеткізу қарқынының арқасында сұранысқа ие болды. Тапсырмалар: дүкендегі немесе қоймадағы тапсырыстарды жинақтау, тауарларды тексеру (мысалы, жарамдылық мерзімі) және оларды тұтынушыларға немесе курьерлерге беру. Алайда бұл жұмыс физикалық белсенділікті талап етеді. 

Сатушы, кассир

Жоғары сұраныс кезеңінде, мысалы жәрмеңкелерде жаңа сауда нүктелері пайда болады. Дүкендерде барлық сатып алушыларға қызмет көрсету үшін қосымша кассалар ашылады. Сатушының міндеттеріне кассада және сауда алаңында жұмыс істеу, тауарларды орналастыру және баға белгілерін өзгерту кіреді. Сондай-ақ, жарамдылық мерзімін қадағалап, сатып алушылармен байланысып, жұмыс орнында тәртіпті сақтау қажет.

Фото: tengrinews.kz

Даяшы

Желтоқсан айында және қаңтардың мерекелік аптасында тамақтану орындарында аншлаг болады. Олар мереке күндерге алдын-ала дайындалады. Барлық штаттық қызметкерлерді жұмысқа тартады. Тіпті қосымша қызметкерлер алуы да ықтимал. Даяшылық қызмет адамдармен жиі араласуды ұнататын жандарға арналған. Тапсырыстарды қабылдау, уақытылы жеткізу, есепшотты кешіктірмей әкелу тапсырмаларын мүдірмей орындау қажет. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов