"Құдайберген Бекіштің концертіне мұғалімдерге 10 мың теңгеге билет күштеп сатылып жатыр": білім бөлімі пікір білдірді

"Құдайберген Бекіштің концертіне мұғалімдерге 10 мың теңгеге билет күштеп сатылып жатыр": білім бөлімі пікір білдірді
Фото: Дәулет Мұқаевтың парақшасынан алынған

Депутат, танымал блогер Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында әнші Құдайберген Бекіштің концертіне билеттер күштеп сатылып жатқанын айтты. Massaget.kz тілшісі жауапты ведомствоға хабарласып, мәселенің анық-қанығын сұрады. 

Дәулет Мұқаевтың сөзінше, бұл жағдай Алматы облысы Іле ауданында болып жатыр.

"Осындай концерттер қашан бітеді? Құдайберген Бекіш, сіздің концертіңізге билеттер күштеп сатылып жатқанын білесіз бе? Әрине, білмейсіз. 1000-2000 теңге билеті болса, бәлкім үндемес едім. 10 000 теңгелік билеттерді мәжбүрлі түрде алғызу дұрыс емес!!! Мына постты көріп, Іле ауданының білім бөлімі де бейхабар бола салары анық", - деп жазды депутат.

Желі қолданушылары арасында да бұл жайт қызу талқыланып жатыр.

"Өзіңіздің құқығыңызды аяққа таптатпаңыз. Билетті сізге зорлап алдыруға ешкімнің құқы жоқ", "Бұл жағдайды Құдайберген ағамыз біле ме екен?", "Біздің қоғам шамасы тек мұғалімге жетеді", "Бізде талайын алдық қой, әлі де алатын шығармыз, ана әншілердің кім екенін ұмытып қалдық", "Ұят-ай. Бекіштің атына кір келді-ау? Билетті әнші емес, ұйымдастырушылардан сұрау керек", "Осы әдет бітпейді бізде. Мектеп кезінде еститін едім, мұғалімдерге қинап сатып жататынын", - дейді олар.

Мәселеге орай Іле ауданының білімі бөлімі өкілі пікір білдірді.

"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құдайберген Бекіштің 27 желтоқсан күні өтетін мерекелік концертіне билеттерді ұстаздарға күштеп сату туралы деректі анықтау жұмыстар жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова