Қостанайда тандыр пеші орналасқан ғимаратта бірнеше газ баллоны жарылды. Бір отбасынан екі адам зардап шеккен. Екеуі де - шетел азаматтары. Ер адамның денесінің 75 пайызын күйік шалды. Пропан толы баллондар аяздан жылы жерге кіргізілген соң атылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жарылыс сәті оқиға куәгерінің ұялы телефонына түсіп қалған. Қатты жарылыстан 20 шаршы метрлік контейнердің күлі көкке ұшқан. Ал осы жерде болған наубайшы оңбай күйіп қалды. Жағдай бұдан да қиын болуы мүмкін еді. Өйткені тандырханада жұмыс істейтін Өзбекстан азаматтары аязда далада тұрған алты бірдей газ баллонын ішке кіргізіп, жылыту үшін пешке сүйеп қойған.
Алғашқы жарылыстан кейін ер адам өзінің қарындасын сыртқа итеріп үлгеріпті. Сөйтіп жарылыстың алдын алуға әрекеттенеді, бірақ бәрі қас-қағым сәтте болған.
"Әйелдің айтуынша, таңертең сағат жеті шамасында пеш әбден қызған кезде 50 литрлік алты баллонды ішке кіргізген. Кешікпей алғашқысы жарылған. Өрт сөндірілгеннен кейін төрт бірдей газ баллонының жарылғаны белгілі болды. Екеуі жарылмай қалған. Өрт сөндірушілер зардап шеккен жоқ. Оқиға орнында тергеушілер жұмыс істеп жатыр", - деді Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қайрат Қасым.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!