Аралдық желтоқсаншы 35 жылдан кейін қалай ақталғанын айтып берді

Аралдық желтоқсаншы 35 жылдан кейін қалай ақталғанын айтып берді
Фото: Жеке мұрағатынан

Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасына биыл 37 жыл толып отыр. 86-ның ызғарын сезінгендердің бірі - Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Жаннат Әлсейітова, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кейіпкеріміз үшін өткенді еске түсіруден қиын ештеңе жоқ. Аралдағы №14 мектепті бітіріп, Алматыдағы политехникумға оқуға түскен жылы болатын. Небәрі он сегіздегі бойжеткен өмірі күрт өзгереді деп ойламаған еді.

"16 желтоқсан күні әдеттегідей қыздар боп оқуға келе жатқанбыз. Орта жолда ерсілі-қарсылы адамдар көптеп жүр екен. Себебін білген жоқпыз. Оқу орнына келсек, мұнда да күбір-күбір. Техникум әкімшілігі коменданттық сағат жарияланғанын, беймезгіл жүрмеуді ескертті. Жатақханаға қайттық. Кіргесін сыртқа шығармай қойды. Соған қарамастан бір топ жас шығуға бекіндік. Қолға ілінген шүберекті бір-біріне байлап, содан ұстап, терезеден көше жаққа секірдік. Алаңға барсақ, көп адам жиналған екен. Сол қатарда біз де бармыз. Бірақ мінберден алыстау тұрдық", - деді ол.

Қазақ жастарының бас көтеруіне бірден-бір себеп Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Геннадий Колбин деген бейтаныс біреудің келуі еді. Халық ертеңіне тағы наразылық шеруіне шықты.

"17 желтоқсанда азанда алаңға беттедік. Мінберден Бибігүл Төлегенова, Нұрсұлтан Назарбаев, Мұхтар Шахановтарды көрдік. Мына жақта жастар Колбиннің отставкаға кетуін талап етуде. Азанда басталған жиын кешкі сағат тоғызға дейін созылды. Қайтайық десек, жан-жақтан милиция қоршап алған. Дубинкамен ұрып-соғуға көшті. Жер қанға боялған. Қалай қарай қашсақ та қарсы алдымыздан шыға берді. Құлағанымызды шаштан тартып, автобусқа апарып тиеді. Ана түрмеге бір, мына түрмеге бір апарды. Бәрі бос емес. Ақыр соңында бір жерге тоқтадық. Абырой болғанда бастығы қазақ екен. Милиция өкілдерінен бізге қатты қысым жасамауды сұрап, оң қабақ танытты. Тергеу бөлмесіне алып бара жатқанда дәлізден үсті-басы қан, қолдарын басына көтерген кіл жастарды көрдім. Басым бөлігі – жігіттер", - деді Жаннат Әлсейітова.

Милиция өкілдері бір бөлмеге жиырма шақты қызды әкеп қамаған. Терезе сынып қалған. Іші сұп-суық.

"Тоңбас үшін бәріміз айналып отырдық. Түнімен көз ілмедік. Бес-алтаудан бөліп әкетіп, сұрақтың астына алды. Бір күн сонда қондық. Екінші күні тағы тергеді. Ертеңіне акт залына әкелді. Сонда түнедік, ал азанда бір қап нан таратты. Мекеме бастығы сосын бізді босатып тұрып, “жеткен жерлеріңе дейін жетесіңдер, бұдан былай біз сендер үшін жауап бермейміз” деді. Даладағы жағдайды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тоқтамастан жүгіріп, жатақханаға жеттік", - деп еске алды желтоқсаншы.

Оқу орнында да, жатақханада да өрімдей ауыл қызын түртпектеумен болды. Ақыр соңында мұны комсомол қатарынан да, оқудан да шығарып жіберді.

"Ауылға қайтып келсем, мұнда да "халық жауы" деп тыныштық берген жоқ. Қайтадан Алматыға кеттім. Бұл жала фамилиялас ағаларымның қызметіне кесірі тиді. Ал өзім жасырын түрде жеңіл-желпі жұмыс істедім. Жарты жылдан соң бірге алаңға шыққан жігіттердің соты бойынша мені куәгер ретінде тағы тергеуге алды. Кейін политехқа қайтадан құжат тапсырып, араға бір жыл салып оқу бітірдім. Бірақ өмір сүру, біреудің көзіне түсу өте қорқынышты еді. Әке-шешемнің атына сөз келтіргенім үшін өзімді іштей кінәладым. Сонда Ақмарал Оразбаева есімді құрбымның "жылдар өте қаһарманға айналасың" деген бір ауыз сөзі мені жігерлендірді", - деді Жаннат Әлсейітова.

Желтоқсаншы жаладан құтылып, өзін ақтап алудың ретін таппай 35 жыл жүріпті.

"Өйткені өзім оқыған техникум жабылып қалған еді. Тек 2021 жылдың желтоқсанында қамалғанда түскен суретім кездейсоқ қолыма тиіп, түрлі инстанцияға хат жазып, сот арқылы ақталдым", - деді ол.

Кейіпкеріміз бүгінде жолдасымен бірге екі ұл тәрбиелеп отыр. Өзі аспаз болып еңбек етеді. Қалың қазақтың рухын оятқан оқиғаның бел ортасында болғанын мақтан тұтады.

Назерке Саниязова

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы