"Науқастар қышымамен ауыратын сияқты": Риддердегі әлеуметтік орталықтың жағдайы жұртшылықты шошытты

"Науқастар қышымамен ауыратын сияқты": Риддердегі әлеуметтік орталықтың жағдайы жұртшылықты шошытты
Фото: Фотоколлаж

"Риддер арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында" бөлмелердің қабырғаларында жарық пайда болып, жұртшылықты шошытып отыр. Бұл туралы қоғам белсенділері айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл нысанда психикасы бұзылған, ақыл-есі кем адамдар емделуде. "Әділдік жолы" РҚБ ШҚО филиалының директоры Әділ Пшеновтің айтуынша, осы уақытқа дейін төрт рет басшы ауысты.

"Орталыққа қатысты шағымдар түсіп, көбі қызмет көрсету сапасын сынға алды. Сонда барғанымызда жауапты тұлғалардың мекеме қызметкерлеріне көп нәрсені жіті түсіндіргендері байқалды. Себебі, іші жинақы, тап-тұйнақтай, заттардың көбі жаңа. Сырт көзге күдік ұялатты", – деді филиал директоры.

Қоғам белсенділерінің айтуларынша, мұқият зер салса, кем-кетіктерді байқау қиын емес. Қызметкерлер бірыңғай жаңа заттарды көрсеткендерімен, ескісі кір жуатын орында жатты. Аяқ-киім мен киім-кешекті әлі де мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы сатып алатын көрінеді. Негізінде, аяқ-киімдер біркелкі болуы тиіс еді, қоғам белсенділері олардың әртүрлі екендерін жеткізді.

"Қоймадағы қыстық күрткелермен таныстық. Басшылардың сөзінше, оларды ҚР ІІМ "Еңбек" ҚАЖД шаруашылықты жүргізу құқығы өкілдері тікті. Қос мекеме арасында жазасын өтеп болғандарды жұмысқа орналастыру бойынша келісімшарт жасалған екен. Соның аясында қолға алынған. Алайда күрткелердің желкесінде Orginal, этикеткасында Original деп көрсетілген екі түрлі жазуға таң қалдым", – деді Әділ Пшенов.

Оның ойынша, жұмыс сапасыз істелген. Ал бағасы тапсырыс берген сандармен салыстырғанда төмен болуы мүмкін. Тіпті әжетхана қағазының қалыңдығы да келісімшарттағыдай емес, бір қабаттан тұратын жұп-жұқа.

 "Санитарлық талап сақталмаған. Емделіп жатқандардың кейбірі қышымамен ауыратын сияқты. Орталық басшылығы мен дерматолог маман бұдан хабардар болса да, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау өкілдеріне айтпаған. Асхана іші таза емес, терезе жақтауларынан су аққаны байқалады", – деді қоғам белсенділері.

Риддер әкімі болып тағайындалғанына бес ай болған Дәулет Батырбаев орталықтағы мәселенің өзекті екенін жасырмады. Шенеуніктер алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындамақ. Қаржы бөлінуіне қарай келер жылы жөндеу жұмыстарын жүргізуге ниетті.

Асыл Бигелді 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы