"158 мың тонна зиян қалдық ауаға таралады": ШҚО-да онкологиялық аурулар бойынша жағдай ушығып тұр

"158 мың тонна зиян қалдық ауаға таралады": ШҚО-да онкологиялық аурулар бойынша жағдай ушығып тұр
Фото: Автордан

Өскемендіктер қатерлі ісік, тыныс алу жолдары және қан ауруларымен көп сырқаттануда. Жуықта еліміздің Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова көңіл көншітпейтін статистика ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауаға қанша көлемде зиянды шығарындылар бөлінетінін мұның алдында сенатор Ольга Булавкина да айтқан болатын. Алысқа бармай-ақ, күкіртсутектің өзі 10 есе, азот диоксиді екі есеге көп таралып жатыр. Ресми ақпаратқа сүйенсек, ЖЭО, кәсіпорындар және көліктерден ауаға жылына 158 мың тонна зиянды қалдықтар бөлінеді.

"Лас заттардың ауамен көптен араласуынан адамдардың тұншығуы мүмкін. Өкпе ісініп, топырақтың қышқылданып кетуі ғажап емес", – деді сенатор.

Бірақ дәрігерлер бұдан да сорақы статистиканы ұсынды. Қаланың тұмшаланып кетуі басқа да қалдықтармен қабаттасып, ағзаға айтарлықтай қауіп келтіруі мүмкін. Анығы сол, Шығыс Қазақстан өңірі әлі де онкологиялық аурулар бойынша республика көлемінде алғашқы үштікте.
Сенаторлар жағдай реттелуі үшін облысты газдандыру тиімді екенін жеткізді. Олардың сөзінше, алдымен жеке сектор зиянсыз отынмен қамтылуы қажет. Әрі қарай көліктерді қамтып, соңында ірі энергетика нысандары жоспарға енуі тиіс. ҚР Энергетика министрлігі комитетінің төрағасы Сұңғат Есімхановтың айтуынша, өңір көлемінде күні бүгінге дейін газдың тартылмауы өзекті мәселе. Сол үшін де алдымен көмір станциялары бойынша есеп-қисапты шығарып алу керек. Қысқасы, үкімет басындағылар мәселені ғылыми бағыт арқылы шешуге мүдделі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, аймақ бойынша онкологиялық ауруға шалдыққан 13 мыңға жуық науқас есепте тұр.


"Жыл сайын облыс көлемінде 2000-дай адам қатерлі ісікке шалдығады. Алайда дерт асқынбай тұрып, ем жасаса, сырқатты жеңуге болады", – деді жауапты тұлғалар.

Асыл Бигелді

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Қ. Әбілдәқызы