- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Айдос Сарым...
Депутат Айдос Сарым Болат Назарбаевтың қызына тиесілі компанияға тексеріс жүргізуді сұрады
Аумақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 40 350 миллион теңгеге 15 шекара заставасы салынуы қажет болған. Ол биыл 31 желтоқсанға дейін орындалуы қажет болған. Алайда мерзім өрескел бұзылған. Бұл туралы депутат Айдос Сарым Мәжіліс отырысында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, Қазақстан Республикасының аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 50 шекара заставасын салу жоспарланған болатын. 2022 жылы 20 шекара заставасын салу бойынша жұмыстарды сатып алуға тендер жарияланды және 53 894 млн теңге сомасына мердігерлік ұйымдар "Kapital construction" ЖШС-мен және "TOLAGAI-2050" ЖШС-мен жалпы шарттар жасалған.
Жасалған шартқа сәйкес "TOLAGAI-2050" ЖШС 40 350 млн теңге сомасындағы 15 шекара заставасын салуға тиіс еді. Жұмысты орындау мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
"Алайда, жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылды. Бұдан басқа, жүргізілетін жұмыстардың сапасына шағымдар түсуде. Қолда бар ақпарат бойынша ағымдағы жылдың 1 қазанында "TOLAGAI-2050" ЖШС тек 13 960 млн теңгені игерді, бұл шарттың жалпы сомасының 35 пайызы игерілді деген сөз. Осы объектілер бойынша "TOLAGAI-2050" ЖШС шартты орындау мерзімін тағы 9 айға ұзартуды сұрайды, бұл жобаның айтарлықтай қымбаттауына алып келуі мүмкін.
"TOLAGAI-2050" ЖШС компаниясының атауы Алматы қаласы мен Павлодар облысындағы суару желілерін реконструкциялау, Сайрам су қоймасындағы механикалық тазарту және т.б. жобалар бойынша жаңалықтарда бірнеше рет сынға ұшыраған компания болып көрсетілді. Компания 80-нен астам азаматтық және әкімшілік сот тергеп-тексеруіне қатысты, оның 10-нан астамы 2023 жылы өтті, оның ішінде мемлекеттік сатып алу рәсімінде міндетін адал орындамаушы деп танылды (Павлодар облысының соты)", - дейді депутат.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті осы жобаның тапсырыс берушісі бола отырып, оған толық заңды негіздері болса да, осы күнге дейін шартты бұзу жөнінде шешім қабылдамаған.
"2022 жылғы 3 ақпанға дейін осы компанияның құрылтайшылар тізімінде қазіргі марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болғанын атап көрсетеміз. Шекара заставаларын салу елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудің негізгі бөліктерінің бірі болып табылатынын ерекше атап айтамыз. Құрылыс мерзімдерінің бұзылуы елдің аумақтық тұтастығын бұзу, есірткі тасымалы мен басқа да тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымы, жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз көшіп-қону қаупінің артуына алып келуі мүмкін", - дейді Айдос Сарым.
Осыған байланысты, депутат Бас прокурор Берік Асыловтан осы жоба бойынша "TOLAGAI-2050" ЖШС-қа қатысты тергеп-тексеру жүргізуді және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қажетті шараларды қабылдауды сұрады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина