"Далада отырғандаймыз". Ақтөбелік тұрғындар мемлекеттік бағдарлама арқылы алған пәтерлерінің сапасына шағымданды

"Далада отырғандаймыз". Ақтөбелік тұрғындар мемлекеттік бағдарлама арқылы алған пәтерлерінің сапасына шағымданды
Фото: Автордан

Ақтөбеде "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша пәтер алған тұрғындар үйдің қабырғаларынан ызғар соғып, аязда дірдек қағып отырғандарын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбенің Есет батыр тұрғын үй алабы №4 ықшам ауданындағы 9 қабатты үйдің тұрғындары күн суытқалы мазаларының кеткенін айтады. Тұрғындардың айтуынша, үйдің қабырғаларынан ызғар соғады. Қанша бітесе де жылымайды. Қақаған қыста салқын пәтерде отырған ата-аналар балалары үшін алаңдайды.  Саягүл Орқашбаева он жыл кезекте тұрып, былтыр "Шаңырақ" мемлекеттік бағдарламасы арқылы бір бөлмелі пәтерге қол жеткізген. Алайда Саягүлдің қуанышы ұзаққа бармапты.  

"Былтыр қыркүйекте алдық. Он жыл күткен пәтеріме кіргенде қатты қуандым. Үйге көшіп келген кезде салқын екенін білдім. Содан жарды бітедік. Желтоқсанда үйді қабылдайтын комиссия есік алдында келіп тұр екен. Мен сонда айттым. Үш балам бар, үй қатты салқын дедім. Келесі күні "Сәулет құрылыстың" адамдары келіп, жардың бетін бітеуге көмектесті. Қаптағанмен бәрібір жылымады. Бұрыштан, терезеден үнемі жел кіріп тұрады. Тіпті терезені ашып, резеңке салдық. Қанша ақшамыз кетті. Қабырғалары мұздай. Кірпіштің ортасына салынатын қоспаны аз салған болу мүмкін деп отырмыз. Себебі қабырға бітегенмен, мұздай болып тұрады. Құрылыс компаниясының өзіне де айттық. Қазір енді зардап шегіп отырмын. 13 жыл бойы несие төлеймін", - дейді Саягүл.

Саягүл үй ішінде балаларының еркін жүре алмайтынын айтады. Дірдек қағып, қабат-қабат киім киіп жүреді. Қазір балаларының бәрі жөтеліп, салқын тиіп ауырып жатқанын жеткізді

"Балалардың мұрнынан боқ ағып, көздері конъюнктивит болып жүр. Бәріміз ауырып, тамағымыз қарлығып жүрміз. Кімге айтарымызды білмеймін. Далада отырған сияқтымыз.Былтыр құрылыс компаниясы сыртынан пена құйямыз деген, ол тек сөз күйінде қалды", - дейді Саягүл.

Ал Камила Тәңірбергенова "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша пәтерді 2021 жылы алған. Былтыр қыста қатты аяз күндері тіпті үйде тұра алмай, ата-анасының пәтеріне кетіп қалған кездері көп болған.

"Үй салқын, қабырғадан ызғар соғып тұрады. Еден мұздай. Жазда үйдің қабырғасын, терезенің жақтауын қаптадық. Терезені жақтауын бітеп жатқан кезде байқадық, қабырғаның іші қуыс. Желдің қайдан келіп тұрғанын сонда білдік. Бітегенмен ешқандай нәтиже болған жоқ. Сол күйі пәтер жылымады. Биыл да қабырғаны гипсокартон, пенопластпен қайта қаптадық. Сол күйі, жылымады. Бүгін түнімен салқынан ұйықтай алмай шықтық.  Балаларым ауырып жүр", - дейді Камила.

Осы мәселені айтып, бармаған жері қалмаған. Бірақ нәтиже жоқ деп отыр. Әбден қиналған тұрғындар проблеманы әлеуметтік желіге де жариялапты.

Аталған мәселе бойынша, Ақтөбе қалалық әкімдігіне хабарластық. Қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, үй басқарушы компания төрағасы (ОСИ), үйге қызмет көрсетуші “Ақтөбе адал қызмет” ЖШС өкілі, “Ақтөбе су энерджи” АҚ мамандары үйге барып, қараған.  

"Үйдің жертөлесіндегі жылу беру жүйесінде ақау жоқ. Үйдің бәрі емес, кейбір пәтер иелері  ОСИ-ге салқын деп шағымданған. Пәтер иелері пәтерге келетін жылу жүйесінде тұрып қалуы мүмкін ауаны шығарып, пәтердің терезелерін жылы болу үшін қымтап, бекітіп өздері қам жасағандары дұрыс", - деген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ қалалық әкімдік құрылыс бөлімі мамандары шағым түсірген тұрғындардың пәтерлеріне барып, тексеріп қарайтынын жеткізді.  Жалпы аталған тұрғын үй 2020 жылы пайдалануға берген. Құрылысты "Ақтөбе сәулет" ЖШС-сы салған. Бұған дейін бұл үйден ешқандай шағым түспепті.  

Кәмшат Қопаева

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Қ. Әбілдәқызы