"Халық қазіргі уақытпен кеш жатып, кеш тұруға дағдыланған". Қазақстан неге бірыңғай уақыт белдеуіне көшуі керек?

"Халық қазіргі уақытпен кеш жатып, кеш тұруға дағдыланған". Қазақстан неге бірыңғай уақыт белдеуіне көшуі керек?
Фото: pixabay.com

Елімізде 2024 жылғы 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуі (UTC+5) енгізіледі. Massaget.kz тілшісі осыған орай қандай өзгерістер болатынына шолу жасап, сарапшылармен сөйлесті.

Қазақстанда екі уақыт белдеуі (UTC+5, UTC+6) бар. Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары 4-ші сағаттық белдеуге (UTC+4+1). Астана, Алматы, Шымкент қалалары және қалған облыстар (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы) 5-ші сағаттық белдеуге (UTC+5+1) жатады.

  • Қазақстанда уақыт өлшемі неге өзгеруге тиіс?

Қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев Қазақстанда неге уақытты 1 сағатқа шегеру керегін түсіндірді.

"Ел аумағында 4 сағаттық белдеуді қамтығанымен, ең шығыс шекарадан ең батыс шекараға дейін бойлық координаттары айырмасы 400451 болады, уақыт өлшемімен ол - 2 сағат 43 минут. Ең шеткі облыс орталығы Өскемен мен Атырау арасында күннің атуы бар-жоғы - 2 сағат 09 минут. 1956 жылы төрт сағаттық белдеуді екеуге біріктіруге де осы негіз болған шығар. Алайда бастан электр қуатын үнемдеу үшін деп енгізілген декреттік (үнемі "жазғы" уақыт - еск.) +1 сағатты әлі күнге неге қолданатынымыз түсініксіз. Ешбір елде "жазғы" уақыт қолданудан энергия үнемделетіні ғылыми дәлелденбеген. Энергетика министрлігі де ешқандай энергия үнемі жоғын ресми түрде растап отыр. Сондықтан ел аумағында уақыт өлшемін түбегейлі реттеу қажет", - дейді Болат Нұрқожаев.

  • Экономика, денсаулық, логистика: Қазақстандағы қазіргі уақыттың кері тұстары қандай?

Бүгінгі таңда батыс пен шығыс облыстар арасындағы 1 сағат уақыт айырмасы кейбір проблемаларды тудырып отыр. Мәселен, халық пойыз, ұшақ кестесінен шатасуы, Астанадан қойылған жиналыс уақыты батыс облыстардағы жұмыс кестесіне сәйкес келмеуі... Егер Астана уақытымен сағат 9:00-ге жиналыс қойылса, ол кез - батыста жұмыс басталмаған уақыт. Ал түстен кейін сағат 15:00-ге қойылса, жиналыс уақыты батыс облыстарда сағат 14:00-ге сәйкес келеді, яғни түскі ас уақыты.

"Соңғы жылдары әлемде биологиялық (циркадтық - еск.) ритмдер бұзылуы, ұйқы/сергектік режимі бұзылуы аса қауіпті рак, диабет, семіздік, жүрек-қан тамырлары жүйесі және де тағы басқа арулардың өршуіне әсер етті. Осыған байланысты хронобиология ғылымында, медицина саласында "әлеуметтік сағаттық белдеулер ауысуы синдромы" (social jetlag – SJL, әлеуметтік десинхроноз - еск.) деген термин пайда болды ", - дейді сарапшы.

  • Мұның шешімі қандай?

Уақытты реттеудің шешімі оп-оңай әрі бір реттік шара. Ешқандай кері әсері жоқ, оған практикалық мысал да жеткілікті. Бұл қаржылай шығынды қажет етпейді, ал ғылыми маңызы - болашағымыз. Балалар, ұлт, ұрпақ денсаулығы сақталуына, еңбекке қабілетті болуына пайдасы ұшан теңіз.

"Қазақстан Республикасы географиялық орналасуы бойынша толық UTC+3,5/+4,5/+5,5 аумағында орналасқан деуге, ортаңғы сағаттық белдеуі UTC+4,5 сағаттық белдеу деуге толық негіз бар. Біз уақытты алға қарай жылжытайын деп жатқан жоқпыз. Бұрынғы уақытты түзейін деп жатырмыз. Біз қайтарайын деп отырған UTC+5 уақыты Астана, Алматы, Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстанның белдеу уақыты деп айтуға болады. Бүкіл дәлелелдер жиналды. 43 беттен тұратын есеп жобасы жасалды ", - деді Болат Жолтайұлы.

  • Уақыт өзгерсе, кейбір өңір тұрғындары бұрынғыдан бір сағатқа ұйқыдан ерте тұра ма?

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл ел өңірінде әртүрлі сағаттық белдеу болуына қарсы екенін айтты. Оның сөзінше, бұл - экономикалық және басқару жүйесіндегі мәселе.

"Уақыт бойынша зерттеу соңғы 10 жылда жиіледі. 2017 жылы осы тақырыпты зерттеген бір топ ғалым Нобель сыйлығын алған соң (тәуліктік ритмдердің зерттеуі туралы - еск.) бүкіл әлем осыған баса назар аудара бастады. Бұл бізге де келіп жетті. Мұны ғылымның жаңа саласы деп айтуға болады. Оның ішінде АҚШ пен Еуропада зерттеулер жасалып жатыр. Бұрын біз бірыңғай белдеуде болдық, алайда кейін 30 жылда уақытпен ойнап, ақыры Гринвич уақытынан 6 сағат айырмада қалып отырмыз", - дейді Әбіл.

Сондай-ақ, депутат "егер Астананың уақыты UTC+5 бірыңғай уақытына ауысса, қаланың халқы ерте тұра ма?" деген сұраққа жауап берді.

"Астананың тұрғындары ерте тұрмайды. Бірыңғай уақыт белдеуі енгізілгеннен кейін біз сағатымыздың тілін артқа ауыстырамыз, сондықтан астаналықтар бір сағат кеш тұратын болады", - дейді депутат.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан бір уақыт белдеуіне ауысуы мүмкін екені хабарланды. Үкіметтің тиісті қаулысы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Жасұлан Ордабаев

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz