Есірткімен жасанды интеллект арқылы күресеміз - министр

Есірткімен жасанды интеллект арқылы күресеміз - министр
Фото: pixabay.com

Қазақстан есірткімен жасанды интеллект арқылы күреспек. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келі 1 тоннаға дейін күрт өскен.

"Қазір есірткі қылмыстары толық кибер кеңістікке өтті. Бұл ретте "крипто-кошелек", мессенджер және басқа да инновация қолданылып жатыр. Күресу тәсілдері де үнемі жаңарып отырады. "Киберқадағалау" жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеу арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіледі", - деді Ержан Сәденов Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Министр есірткімен жасанды интеллект арқылы күресуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

"Есірткі тұтынушылар арасында Telegram мессенджері танымал. Есірткі таратушылар бір-бірін танымайды, барлық байланыс түрі "боттар" арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерімен соңғы отырыста осы жұмысқа жасанды интеллекті қосу бастамасы ұсынылды. Мәселені пысықтау үшін кеңестің ұсынысы бойынша ІІМ-нің есірткіге қарсы штабына IT-мамандар да қосылады", - деді ведомство басшысы.

Ержан Сәденов жыл басынан бері Қазақстанда чаттар, арналар, сайттар секілді 6 мыңнан аса ақпараттандыру объектісі бұғатталғанын, Telegram-да 1,3 мың интернет-дүкен жабылғанын атап өтті.
Бұған дейін елімізде жыл сайын есірткі қылмысы үшін 3 мыңнан аса адам сотталатынын хабарлаған еді.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz