Елімізде жыл сайын есірткі қылмысы үшін шамамен 3 мыңнан аса адам сотталып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол Қазақстандағы жыл сайынғы есірткінің заңсыз айналымы - шамамен 20-25 тонна екенін атап өтті.
"Оның 95 пайыздан астамы каннабис тобындағы есірткі, қалған 5 пайызға жуығы синтетикалық есірткі, 1 пайызға жуығы апиынға, героинға және есірткінің өзге түрлеріне тиесілі екенін атап өту керек", - деді Дания Еспаева Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Депутат жыл сайын 3 мыңнан аса адам есірткі қылмысы үшін сотталатынын жеткізді.
"Уәкілетті орган ұсынған статистикаға сәйкес, өткен жылы елімізде есірткі қылмысы үшін сотталғандардың саны - 3425 адам, ал биыл 10 айда 3 193 адам болды. Бұл - Қазақстанда сотталған адамдардың жалпы санының 14 пайызы", - деді ол.
Дания Еспаева депутаттар есірткімен күресіп жатқанын жеткізді.
"2018 жылы қарашада Парламент есірткі мен психотропты заттардың заңсыз айналымын бақылауға қатысты заңға түзетулерді қабылдады. Осы заңда Үкіметке есірткі мен психотропты заттар тізімін бекіту құзыреті берілген. Бұл осы тізімді жаңадан анықталған есірткіні жедел енгізуге мүмкіндік берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауларында есірткіні, әсіресе синтетикалық есірткіні қолдану халықтың денсаулығына, ел экономикасына және құқықтық тәртіпке елеулі қатер төндіретінін бірнеше рет атап өткен еді.
Сондай-ақ мемлекет басшысы есірткі таратқаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырған. Осыған байланысты 2019 жылы депутаттар өздері бастамышылық жасап, Қылмыстық кодексті жетілдіру бойынша заң қабылдады. Осы заң шеңберінде есірткі қылмысымен күресті күшейту үшін есірткі мен психотропты заттардың заңсыз айналымына, оларды өткізуге, оның ішінде насихаттауға және заңсыз жарнамалауға байланысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдатып, түзету енгізілді", - деді депутат.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз